Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Балам сөйлей алмайды»: Алматыдағы балабақшада тәрбиешінің әрекеті дау туғызды

11.11.2026, 10:10 15

Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар баланың анасы жекеменшік түзету балабақшасының қызметкерін ұлына дөрекі қарым-қатынас жасады деп айыптады. Әйел балабақшадан кездейсоқ жіберілген бейнежазбадан кейін полицияға жүгінген. Қазір оқиға бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Оқиға Алматыдағы Торайғыров көшесінде орналасқан Golden Kids жекеменшік орталығының филиалында болғаны хабарланды. Баланың анасы Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында мекеме қызметкерлері ата-аналарға балалардың сабақ үстіндегі видеосын тұрақты түрде жіберіп тұратынын айтқан. Алайда бұл жолы жолданған жазбада тәрбиешінің баламен дөрекі сөйлесіп, оның бетінен ұстап, қолынан жұлқылаған сәттері көрінеді.

Әйелдің болжамынша, қызметкерлер бейнежазбаның осы бөлігін алып тастауды ұмытып, ата-анасына байқамай жіберген.

— Біз баламызды сеніп тапсырған мекеме, видеодан байқағанымыздай, оны ренжітіп, ұрып-соғып, қорлап, кемсіткен орынға айналған. Менің балам ерекше. Ол сөйлей алмайды. Үйге келіп, өзіне не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап, өзін қорғай алмайды. Сондықтан біз балаларымызды мамандарға сеніп тапсырамыз, – деп жазды анасы.

Оның айтуынша, отбасы балабақша басшылығынан тәрбиешіге шара қолдануды талап еткен. Алайда әйелдің мәлімдеуінше, мекеме өкілдері қызметкердің жақын арада зейнетке шығатынын алға тартқан. Бұл ақпаратқа қатысты балабақша әкімшілігінің ресми ұстанымы әзірге жарияланған жоқ.

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, Алматы қаласының Полиция департаменті тексеру бастағанын растады.

— Аталған дерек бойынша тергеу басталды. Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерделеп, оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ маман мен түзету орталығы басшылығының әрекеттерін анықтап жатыр. Тексеру нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады полиция.

Баланың анасы болған жағдайдың толық әрі әділ тергелуін, кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Ол ата-аналардың балаларын арнайы мамандарға сеніп тапсыратынын, ал мұндай мекемелерде олардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керектігін атап өтті.

Қазіргі уақытта тәрбиеші мен мекеме басшылығының әрекетіне түпкілікті құқықтық баға берілген жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: