11 қарашада әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсе бастады. Алдыңғы күнгі құлдыраудан кейін Brent және WTI маркалы мұнай фьючерстері қымбаттады, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Сәрсенбі күнгі сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,44 пайызға өсіп, барреліне 92,44 долларғажетті.
Ал Oilprice.com мәліметіне сәйкес, америкалық WTI маркалы мұнай 0,78 пайызға қымбаттап, барреліне 86,68 доллардан саудаланды.
Мұнай бағасының көтерілуі алдыңғы күндері тіркелген төмендеуден кейін байқалып отыр. Халықаралық нарықтағы ахуалға Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай мен мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдер де әсер етуде.
Атап айтқанда, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің нәтижесіз қалуы және өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылық мұнай нарығындағы белгісіздікті сақтап отыр.
Қазақстан үшін әлемдік мұнай бағасының өзгеруі маңызды. Өйткені мұнай экспорты елдің валюталық түсімдері мен бюджет кірістеріне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі саналады.
Айта кетейік, аталған бағалар сауда барысындағы белгілі бір уақыттағы көрсеткіштер болып табылады. Мұнай котировкалары нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай тәулік ішінде өзгеріп отырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!