Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Банк пайдасы азайды. Ал, қаржы ұйымдарының шығыны неге көбейді?

05.11.2026, 7:40 11

Қазақстанның екінші деңгейлі банктері биылғы тоғыз айда 1,812 трлн теңге таза пайда тапты. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 238,3 млрд теңгеге кеміген. Табыстың төмендеуіне резервтік шығындардың, қызметкерлерді ұстау  және  жалпы  шаруашылық шығыстарының  өсуі  әсер  еткен.

Қазақстанның қаржы нарығында  биыл  банк  секторының  табыстылығына қатысты  өзгерістер  байқалуда. Несие  беру  жалғасып,  қаржы ұйымдарының  активтері ұлғайғанымен, таза пайда былтырғы деңгейге жетпеді. Ұлттық банк жариялаған жиынтық есептерге сүйенсек, екінші деңгейлі банктер  қаңтар – қыркүйек аралығында 1,812 трлн теңге таза пайда тапқан. Ал, 2025 жылдың осы кезеңінде  бұл  көрсеткіш  2,050 трлн  теңге  болған.  Арадағы айырмашылық  238,3  млрд  теңгеге  жетіп, жылдық  есеппен таза  пайда 11,6 пайыз төмендеген.

Банк  табысының  төмендеуі қаржы  ұйымдарының қызметін  бағалаудағы маңызды  көрсеткіштердің  бірі саналғандықтан, банк  пайдасы оның шығындарды басқару қабілетін, несие операцияларынан түсетін кірісті және ықтимал тәуекелдерге  қаншалықты  дайын екенін  байқауға  болады. Алайда, таза пайданың кемуі өздігінен  банк жүйесінің дағдарысқа ұшырағанын білдірмейді. Тиісінше, оның себептерін  кірістер мен шығыстардың  құрылымына  үңіліп барып бағалаған  жөн.

Банк секторының таза пайдасы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңін­дегі көрсеткіштен төмен қалып отыр. Жыл басынан бері қалыптасқан айырмашылық кей айда ұлғайып, қыркүйекте бір­шама қысқарған. Десе де, жиынтық нәтиже был­тырғы деңгейге жеткен жоқ. Қаңтарда Қазақстан банктерінің таза пайдасы 198,6 млрд теңгені құрады. Былтырғы  қаңтарда  бұл көрсеткіш 228,5 млрд теңге  болған. Бір жыл ішіндегі төмендеу 13,1 пайызға  тең. Ал, ақпанда жыл басынан бері  жинақталған  пайда 388,9 млрд  теңгеге жетсе, 2025 жылдың осы кезеңінде банктер 448,9 млрд теңге таза пайда  тап­қан. Айырмашылық 13,4 пайыз болды. Наурыздың қорытындысында биылғы көрсеткіш 592,3 млрд теңгені құраса, былтыр 664 млрд  теңгеге  жеткен. Сәуірде  айырмашылық 12 па­йыз:   2026  жылы – 795,9  млрд  теңге,  2025  жылы – 904,5 млрд теңге. Сондай-ақ, мамыр айын­да банк секторының  жиынтық  таза пайдасы 1 трлн  теңгеден асып, 1,036 трлн теңгеге жетті. Дегенмен, былтырғы 1,143 трлн теңгемен салыс­тыр­ғанда  бұл  9,4  па­йызға  аз  еді.

Жаз айларында алшақтық қайта ұлғайды. Мәселен, маусымда таза пайда былтырғы кезеңнен 13,3 пайыз, шілдеде 14,9 пайыз төмен болды. Шілде соңында банктердің жинақталған таза пайдасы 1,396 трлн теңгені құраса, тамызда көрсеткіш 1,610 трлн теңгеге жеткенімен, жылдық төмендеу 13,6 пайыз  болған.

Қыркүйек қорытындысында жағдай бір­шама өзгерген. Тоғыз айдағы жиынтық таза пайда 1,812 трлн теңгеге жетіп, жылдық төмендеу 11,6 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осылайша, жаз айларындағы алшақтық азайғанымен, банк  секторы  былтырғы  қаржылық нәтижесін қайталай  алмады.

Банк секторының таза пайдасына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – шығындардың өсуі. Әсіресе ықтимал несие тәуекелдеріне байланыс­ты резервтерге бөлінетін қаражаттың артуы қар­жы ұйымдарының нәтижесіне салмақ түсірген.

Резервтер – банктердің  несие бойынша ықтимал шығындарды өтеу үшін қалыптастыра­тын қаржысы. Қарыз алушы міндеттемесін орындамай қалуы немесе берешекті қайтару қиындай түсуі мүмкін болған жағдайда банк осындай тәуекелдерді алдын ала есепке алады. Резервтерге көбірек қаражат бөлу таза пайда көлемін төмендетеді. Алынған ақпарға сүйенсек, 2026 жылдың тоғыз айында резервтер қалыптас­тыруға жұмсалған шығын 1,621 трлн теңгеден 1,981 трлн теңгеге дейін өскен. Жылдық өсім – 22,3 пайыз. Бұл шығындар шамамен 360 млрд теңгеге көбейгенін білдіреді. Сонымен қатар, резерв­терді қалпына келтіруден түсетін кіріс­терді есепке алғаннан кейінгі таза шығын да ұлғайған. Былтырғы кезеңде ол 442,9 млрд теңге болса, биыл 618,8 млрд теңгеге жеткен. Демек, осы баптың банк пайдасына түсірген қосымша салмағы шамамен 176 млрд  теңгені  құраған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің 2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерегі бойынша, Қазақстанның банк секторында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар несиелердің үлесі 4 пайызды құраған. Мұндай несиелердің жалпы көлемі 1,9 трлн теңгеге жеткен. Халыққа берілген қарыздар портфелінде бұл көрсеткіш 4,6 пайыз болса, бизнес субъектілеріне берілген несиелерде 3,9 пайыз болған. Осы мәліметтер резерв шығындарының өсуін бағалауда несие тәуекелін назардан тыс қалдыруға болмайтынын көрсетеді. Сонымен бірге, мерзімі өткен несиелер үлесінің өзгерісі мен резервтерге жұмсалған шығынның өсуі өзара байланысты болғанымен, олар  бір  көрсеткіш  емес.

Осы  ретте, қаржыгер, тәуелсіз сарапшы Мақсат Халықпен пікірлескен едік.  Оның айтуын­ша, бұл әлі де бір «қауіп-қатер болып жатыр» дейтіндей елді дүрліктіретін дүние емес. Себебі 1,8 триллион теңгеден астам пайда – ол әлі де болса банктердің пайдасының өте жоғары екенін көрсететін көрсеткіш. Сондықтан, бұл қаржы нарығында қауіп төніп тұр деген белгіні көрсетпесе  керек.

– Екінші мәселе, банктердің тапқан пайдасынан бөлек, олардың экономикаға қаншалықты үлес қосып жатқаны да өте маңызды. Яғни, банктер негізінен несиелендірумен айналысады. Нарық­ты, халықты несиелендіреді. Осы жерде кәсіпкерлікті, экономиканың нақты секторын қаншалықты несиелендіріп жатыр, осы көрсеткіш маңызды деп ойлаймын. Осы бағытқа банктер тарапынан қатысу төмен екенін Президент те өзінің сөзінде айтып қалды. Өйткені бізде соңғы жылдары негізінен тұтынушылық несие кең тара­ған. Банктер ол жерге өте жоғары пайыз қояды. Тиісінше, тұтынушылық несие беру арқылы пайданы еселеп арттыруға мүмкіндік алады. Сондықтан көбіне тұтынушылық несиеге басымдық беретіні бар. Ал бұл, негізінде, жалпы қаржы жүйесінде өте үлкен мәселелер туындатады. Кейін ол тұтыну­шылық несиенің қайтпайтын несиелерге, мәселелі несиелерге ұласу мүмкіндігі сияқты салдарлары бар.

Ал енді, негізінен, экономиканың нақты секторын қаржыландыруға, инвестициялық жобаларға кіруге және кәсіпкерлікті, іскерлік белсенділікті жандандыру бағытында несие беретін болса, онда ол, керісінше, экономиканың дамуына оң ықпал етеді, — дейді қаржыгер М.Әбілхатұлы.

Банк пайдасына қысым түсірген келесі фактор – операциялық шығындардың өсуі. Оған қызметкерлердің еңбекақысы, кеңселерді ұстау, ақпараттық жүйелерді пайдалану және басқа да шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалатын қара­жат кіреді. Жарияланған есеп бойынша, 2026 жылдың тоғыз айында банктердің қызметкерлерге жұмсаған шығыны 459,8 млрд теңгеден 592,6 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл – 28,9 пайыз­дық өсім немесе шамамен 132,8 млрд теңге қосымша шығын. Жалпы шаруашылық шы­ғыстары  да  айтарлықтай  көбейген.  Былтырғы 254 млрд теңгемен салыстырғанда, биыл бұл сома 343,9 млрд теңгеге жетіп, 35,4 пайыз­ға артқан. Ақшалай айырмашылық шамамен  89,9  млрд  теңгені  құрайды.

Операциялық шығындардың өсуіне түрлі себеп ықпал етуі мүмкін. Мәселен, цифрлық инфрақұрыл­ымды дамыту, ақпараттық қауіп­сіздікті күшейту, қызмет көрсету желісін қолдау және қызметкерлерге төленетін еңбек­ақыны өзгер­ту шығын көлеміне әсер етеді. Алайда, қолда бар жиынтық деректер осы факторлардың әрқайсысының үлесін жеке анықтауға мүмкіндік бермейтіні рас. Сондықтан, шығындардың өсуін тек тиімсіз басқарумен байланыстыру да дұрыс шешім емес. Қаржы ұйымдары үшін ақпараттық жүйелердің тұрақтылығы, тұтынушы деректерінің қауіпсіздігі және қызмет сапасын сақтау маңызды. Мұндағы негізгі мәселе – қосымша шығындардың қаншалықты негізді екені және олардың ұзақ мерзімде тиімділік әкелетін-әкел­мейтіні. Егер шығындар өсіп, кіріс көлемі сол қарқынмен артпаса, таза пайданың қыс­қаруы заңды құбылысқа айналмақ. Осы тұрғыдан алғанда, банктердің шығыстарды бақылауы мен қызмет көрсету сапасын қатар дамытуы қаржы нәтижесіне  тікелей  ықпал  етеді.

Банктердің  табысы несие бойынша пайыз­дық кірістерден ғана құралмайды. Қаржы ұйым­дары төлемдер, ақша аударымдары, есеп айырысу және басқа да қызметтер арқылы комис­сиялық кіріс алады. Бұл бағыттағы өзгеріс­тер де таза пайдаға әсер етеді. Атап айтар болсақ, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында комиссиялық кірістер 2,3 пайызға азайып, 661,2 млрд теңгені құраған. Ал, комиссиялық шығыстар 22,1 пайызға өсіп, 305,2 млрд теңгеге жеткен. Яғни, комиссиялық қызметтен түсетін кіріс төмендеп, осы бағыттағы шығын көбейген. Мұндай жағдайда комиссиялық операция­лардың таза нәтижесі нашарлайды. Банктер үшін бұл қызмет түрлерінің кірістілігін бағалау, шығындарды оңтайландыру және тұтынушылар­ға ұсынылатын қызметтердің тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Соны­мен бірге, комиссиялық кірістің азаюы тұтыну­шы төлейтін барлық комиссияның төмендегенін білдірмейді. Жиынтық көрсет­кішке операция­лар саны, қызмет түрлерінің құрылымы және әртүрлі банктің нәтижелері әсер етуі мүмкін.  Сондықтан, бұл бағыттағы нақты өзгерістерді бағалау үшін әр банк бойынша есептерді салыс­тыру  қажет. Жалпы сектор көрсеткіштері үрдісті көрсеткенімен, әр қаржы ұйымының қандай қызмет­тен  қанша табыс тап­қанын толық ашпайды. Банк саласындағы операциялық шығындардың өсуіне цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жетілдіру де ықпал етеді. Қаржы ұйымдары арасындағы бәсекелестік күшейген сайын сервисті жаңғырту, технологиялық мүмкіндіктерді кеңейту және тұтынушы сұранысына бейімделу қажеттілігі артып келеді. Осы мәселеге қатыс­ты банк қызметкері  Жұлдызай Бакенованың пікірін  білген  едік.

– Бүгінде банк саласындағы бәсекелестік қаржылық өнімдердің шарттарымен қатар, тұтынушыға ұсынылатын сервистің сапасымен де өлшенеді. Қазіргі тұтынушы қызметтің жылдам, қолжетімді әрі ыңғайлы болғанын қалайды. Сондықтан банктер цифрлық технологияларды дамыту­ға, мобильді банкинг мүмкіндіктерін кеңейтуге және қызмет көрсету процестерін автоматтандыруға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар тұтынушыға бағдарланған сервис қалыптастыру, өтініштер мен шағымдарға жедел жауап беру, кері байланысты ескеру де маңызды. Технология­лық жаңашылдықтармен бірге қызметкерлердің кәсіби  біліктілігін  арттыруға  да  көңіл  бөлінуі қажет. Өйткені тұтынушының банкке деген сенімі қызметтің қолайлылығымен қатар, маманның  сауатты кеңесі мен мәселені шешу қабілетіне де  байланысты, — дейді  Ж.Күнібайқызы.

Банк секторының таза пайдасы төмендеген тұста несие нарығындағы қозғалысқа да назар аударған жөн. Қаржы ұйымдарының табысы азайса да, олардың активтері мен несие портфелі өсуін жалғастырған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстанның банк секторындағы активтер көлемі 75,7 трлн теңгені құраған. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 6,9 пайыз өскен. Экономикаға берілген несиелердің жиынтық портфелі тамыз айында 42,8 трлн теңгеге жетіп, жыл  басынан  бергі  өсім  6,5  пайыз  болған.

Халыққа берілген несиелер портфелі 26,5 трлн  теңгені құраған. Оның ішінде тұтынушы­лық қарыздар көлемі 17,6 трлн теңгеге, ипотека­лық несие көлемі  7,8 трлн теңгеге жеткен. Осы ретте тағы бір маңызды жайт бар: несие көлемі­нің артуы халықтың қаржылық жағдайы жақсарғанын өздігінен дәлелдемейді. Қарыз алу сұранысқа, тұрмыстық қажеттілікке, тұрғын үй сатып алуға немесе кәсіпкерлік белсенділікке байланысты  болуы  мүмкін.

Таза пайданың төмендеуін қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей төнген қауіп ретінде қабылдау асығыс тұжырым болар еді. Банк секторының жағдайын бағалауда активтердің сапасы, өтімділік, меншікті капиталдың жеткі­ліктілігі және мерзімі өткен несиелердің үлесі секілді көрсеткіштер қатар қарастырылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерегі бойынша, банктердің өтімділігі жоғары активтері 23,2 трлн теңгені немесе сектор активтерінің 30,6 пайызын құраған. Негізгі капитал жеткіліктілігінің коэффициенті 19,5 пайыз, ал меншікті капитал жеткіліктілігінің коэффициенті 20,2 пайыз болған. Агенттік бұл көрсеткіштердің белгіленген нормативтерден жоғары екенін хабарлады. Банк активтерінің рентабельділігі 3,5 пайызды, капи­тал рентабельділігі 22,9 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер де банк секторының қаржылық жағдайын кешенді бағалау кезінде ескеріледі. Демек, таза пайданың төмендеуі банк жүйесінің әлсірегенін бірден білдірмейді. Алайда, шығындардың өсуі мен кіріс көздерінің өзгеруі қаржы ұйымдарының тиімділігіне қатысты сұрақ туындатады. Әсіресе резервтерге жұмсалатын қаражаттың артуы, комиссиялық кірістердің азаюы және операциялық шығыстардың өсуі алдағы кезеңдерде  де  назарда  болуы тиіс.

Қорыта келе, Қазақстан банктерінің 2026 жылғы тоғыз айдағы қаржылық нәтижесі сектордың табысы бірнеше факторға тәуелді екенін тарқаттық. Таза пайданың 11,6 пайызға төмендеуі резервтік шығындардың, қызметкерлерді ұстауға және жалпы шаруашылыққа жұмсалатын қаражаттың өсуімен, сондай-ақ комиссиялық қызмет нәтижесінің нашарлауымен қатар жүрді. Сонымен бірге, банк активтері мен несие портфелінің ұлғаюы қаржы операцияларының жалғасып жатқанын көрсетеді. Сондықтан қазіргі өзгерістерді тек табыстың кемуімен шектеп бағалау тым тиімсіз. Негізгі мәселе – банктердің кіріс пен шығын арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайтыны, несие тәуекелдерін қалай басқаратыны және қаржылық тұрақтылығын қаншалықты  қамтамасыз  ететіні.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Коллаж: qaz365.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: