Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

28,5 млн теңгенің бидайын сатып жіберген кәсіпорын басшысы 6 жылға сотталды

06.11.2026, 14:30 29

Қостанай облысында шаруа қожалығына тиесілі 352 тоннадан астам бидайды иесінің рұқсатынсыз сатып жіберген кәсіпорын директорына сот үкімі шықты. Оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Іс Жітіқара аудандық сотында қаралды. Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, «Эклипс Агро» ЖШС директоры 2024 жылдың қазан айында шаруа қожалығына тиесілі, құны 28,5 млн теңге болатын 352,56 тонна бидайды алған. Кейін астықтың құжаттары серіктестік атына қайта рәсімделіп, өнім заңды иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға сатылған.

Бұдан бөлек, айыптау материалдарына сәйкес, компания үш тасымалдаушының қызметіне ақы төлемеген. Оларға берешектің жалпы көлемі 11,1 млн теңгені құраған.

Сот отырысында қорғау тарапы тараптар арасында бірлескен шаруашылық қызмет жүргізілгенін алға тартқан. Алайда мемлекеттік айыптаушы мұндай қызмет туралы келісімшарттың жоқ екенін, сондай-ақ кәсіпорынның өзгенің астығына билік ету құқығын растайтын құжаттар ұсынылмағанын мәлімдеді.

Прокурор айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот іс материалдарын қарап, кәсіпорын директорын кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, осындай мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Қостанай облысы прокуратурасының хабарлауынша, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: