Жаңақорған ауданында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Биғазықызы Әбілтанованың құрметті еңбек демалысына шығуына орай «Өнер – жан сәулесі» атты тағылымы мол салтанатты кеш ұйымдастырылды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Бар ғұмырын өнер мен мәдениеттің өркендеуіне арнап, саналы ғұмырын шығармашылықпен сабақтастырған Күлән Биғазықызы – өз ісіне адалдығымен, табиғи дарынымен, тынымсыз ізденісімен және еселі еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленген жан.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Нариман Үсенұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің атынан «Жаңақорған ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Раушан Үмбетова мен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының бөлім басшысы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ғазиза Жақсылыққызы да жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мерейтой иесіне «Салалық кәсіподаққа 30 жыл» төсбелгісін табыстады.

Кештің шырайын кіргізіп, мазмұнын тереңдете түскен ерекше сәттердің бірі – Күлән Биғазықызының өмір жолы мен өнердегі өрнегін, шығармашылық болмысы мен еңбек белестерін арқау еткен драматург Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Құмсағат – ғұмыр» атты спектаклінің сахналануы болды. Тағылымды қойылым кейіпкерге деген шынайы құрметтің, әріптестерінің ыстық ықыласы мен ізгі ниетінің жарқын көрінісіне айналды.
Іс-шара соңында сөз алған Күлән Биғазықызы ұйымдастырушыларға, әріптестеріне және өнер жолында бірге еңбек еткен үзеңгілестеріне шынайы алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!