Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлерге өзгеріс: электрондық шот-фактураны толтыру талаптары жаңартылды

27.11.2026, 11:30 60

Қазақстанда электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) ресімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар кәсіпкерлер мен бухгалтерлердің электрондық құжаттарды толтыруына, жекелеген мәліметтерді көрсетуіне және қаржылық лизинг операцияларын рәсімдеуіне қатысты. Алайда шот-фактураларды жазып берудің негізгі тәртібі өзгеріссіз қалады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, түзетулер 2026 жылғы 28 қыркүйектегі №646 бұйрықпен бекітілген. Құжат жаңа Конституция мен Цифрлық кодекстің қабылдануына байланысты шот-фактураларды жазып беру қағидаларын, электрондық құжаттың нысанын және оны толтыру жөніндегі түсіндірмелерді қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған. Атап айтқанда, электрондық шот-фактуралардың цифрлық жүйесіне қатысты терминология жаңартылып, құжаттың жекелеген жолдары мен бағандарын толтыру талаптары нақтыланған.

Өзгерістер қатысу үлестеріне қатысты мәліметтерді көрсету мен қаржылық лизинг операцияларын құжатта рәсімдеу тәртібін де қамтиды. Сонымен қатар электрондық шот-фактураларды электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландыру ережелері Цифрлық кодекс талаптарына сәйкестендірілген. Мемлекеттік кірістер комитеті түзетулердің негізінен нақтылау сипатында екенін атап өтті.

— Енгізілген өзгерістер негізінен нақтылау сипатында және электрондық шот-фактураларды жазып берудің негізгі тәртібін өзгертпейді, — деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Айта кетейік, аталған өзгерістер 2026 жылғы 13 қазаннан бастап күшіне енген. Сондықтан кәсіпкерлер мен бухгалтерлер электрондық шот-фактураларды рәсімдеген кезде құжаттың қолданыстағы жаңартылған нысанын басшылыққа алуы қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: