Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауданда макарон өндірісі жолға қойылды

19.11.2026, 6:00 37

Макарон цехы – тамақ өнеркәсібінің маңызды саласы. Шағын және орта бизнес үшін тұрақты табыс көзі. Ұннан жасалатын бұл өнім күнделікті сұранысқа ие болғандықтан, өндірісті дұрыс жолға қою кәсіпкерге  зор  мүмкіндік  берері  анық.

«Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкердің өз ісін бастауына айрықша жол ашпақ. Ауыл экономикасын дамыту­дың тиімді жолдарының бірі – жергілікті кәсіпкерлікті қолдап, шағын өнді­ріс орындарын көбейту. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор екені айқын. Соның бір дәлелі – Сырдария ауданында «Ауыл аманаты» жобасының қолдауы­мен ашылған макарон өнімдерін  өндіретін  цех.

Сырдария  ауданына сапары­мызда  өндіріс орнына арнайы барып, цех жұмысымен таныстық. Кәсіпкер Ғалымжан Таңатаров өткен жылдың соңында аталған жоба аясында 29 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болып, қара­жатты жаңа өндіріс орнын ашуға бағыттайды. Нәтижесінде өз үйінің жанынан шағын цех ашып, макарон өнімдерін өндіруді қолға алды. Өндірісті іске қосу үшін қажетті құрал-­жабдықтарды Алматы қаласынан сатып алды. Заманауи аппараттармен жабдықталған цех бүгінде жұмысын бастап, алғашқы өнімдерін шығаруда. Қазіргі уақытта мұнда рожкидің екі түрі мен вермишельдің бір түрі дайындалады. Өндіріс жұмысына әзірге  аз  ғана  жұмысшы  тартылған.

Кәсіпкердің алдағы жоспары – дайын өнімдерді аудан көлеміндегі ауыл дүкендеріне орналастырып, тұтынушыларға қолжетімді бағада ұсыну. Бұл бастама жергілікті тұр­ғындардың күнделікті сұранысын өтеп, аудан нарығында отандық өнім үлесін  арттыруға  бағытталмақ.

– Әрине, алғашында жұмысты бірден бастап кету оңайға соқпады. Кәсіп бастар алдында кәсіптің қай түрі қолайлы болатыны жөнінде отбасыммен ақылдастым. Сөйте келе, осы макарон шығаруды қолға алдық. Өздеріңіз білесіздер, макарон өнімдері күнделікті халық жиі тұтынатын азық-түлік өнімдерінің біріне жатады. Сондықтан бұл бағыттағы кәсіптің болашағы нарық сұранысымен тығыз байланысты. Әсіресе, өнімнің сапасы мен бағасы тұтыну­шы таңдауына қолайлы болуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда жергілікті жерде өндіріс ашудың өзіндік артық­шылығы бар. Дайын тауарды алыс аймақтардан тасымалдау қажеттігі азайып, ауыл тұрғындарына өнімді жақын жерден сатып алуға мүмкіндік туады, — дейді цех басшысы бізбен  әңгімесінде.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жоба­сының негізгі мақсаты – ауыл тұр­ғындарының табысын арттырып, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету. Ғалымжан Таңатаровтың бұл қадамы да аталған бағдарламаның нақты іске ұласқанын көрсетеді. Кәсіпкер шағын өндірістен бастаған жұмысын алдағы уақытта кеңейтіп, өнім  түрлерін  көбейтуді  көздейді.

Бір қарағанда, үй жанынан ашыл­ған шағын цех үлкен өндіріс орны болмауы мүмкін. Алайда, оның ауыл өміріне берер мүмкіндігі аз емес. Өйт­кені, әрбір осындай бастама жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, жаңа өнімнің нарыққа шығуына және ауыл экономикасының жан­дануына  жол  ашады.

Тақырып төңірегінде Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің де пікірін білген едік. Мамандардың айтуынша, ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын және орта кәсіпкерлік саласы тиісті деңгейде дамып  келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында шағын несие беру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда. Осы бағытта өткен жылы облысқа 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арқылы жүзеге асырылатын жобаның аясында шағын несие берудің сенім білдірілген өкілі (агент) ретінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ белгіленген. Аталған мекеме 2 қыркүйектен бастап amanatnesie.kz сайты арқылы несие алуға ниетті азаматтардың құжаттарын қабылдауда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2025-2026 жылдары өткен несие комитет­інің шешімдеріне сәйкес, Сырдария ауданы бойынша жалпы сомасы 433,7 млн теңгені құрайтын 57 жобаға несие  мақұлданды. Мақұлданған жобалардың ішінде мал шаруашылығы бағыты басым. Атап  айтқанда, бұл сала бойынша 159 млн теңгеге 20 жоба қолдау тап­қан. Балық шаруашылығына 10,8 млн теңгенің 1 жобасы, омарта шаруа­шылығына 31,2 млн  теңгенің  6 жобасы мақұлданды. Сонымен қатар өңдеу саласындағы 52,1 млн теңгенің 5 жобасына, өзге бизнес бағыттарындағы 102,5 млн теңгенің 17 жобасына несие беруге шешім қабылданды. Ал, арнайы техника сатып алуға 78,1 млн теңгенің 8 жобасы мақұлданған. Осылайша, бағ­дарлама аясында аудан тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға бағытталған жұмыс­тар жалғасуда, — дейді Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы.

Міне, біз көрген кәсіп ахуалы осындай. Бүгінгі шағын цех ертеңгі үлкен өндіріс орнының бастауы болуы әбден мүмкін. Бұл өндіріс орны шағын болса да ел экономикасының артып, халық ахуалының жақсаруына сеп болуда. Тоқсан  ауыз сөздің тобықтай  түйіні  осыған  саяды.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: