Бүгін Қазалы ауданында мемлекет пен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайту, кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерді талқылау, қаржылық қолдау тетіктерін түсіндіру және жаңа бастамаларға жол ашу мақсатында «BIZNES DIALOG: Мемлекет пен кәсіпкер» атты аудан кәсіпкерлерінің форумы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Форумға аудан прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы Әділбек Сағатбаев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қаржы институттарының өкілдері, салалық мамандар мен аудан кәсіпкерлері қатысты.
Форум жұмысын аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ашып беріп, өңірде кәсіпкерлік саласында қол жеткізген оң нәтижелі жұмыстар жайында айтып өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және отандық өндірісті өркендетуге айрықша мән беріп келеді. Осы бағытта Қазалы ауданында да шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауданда 4 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 8 мыңнан астам тұрғын осы салада еңбек етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы кәсіп түрлерін ашу, негізінен өнім өңдеуге, өндіруге басымдық беру жұмыстары қолға алынып келеді. Әрине, бұл бағытта біздің ауданымызда да үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұған байланысты аудан кәсіпкерлеріне аудан әкімдігі, облыстық салалық басқармалар тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетін болады, — деді Жалғас Оңғарұлы.

Форум барысында кәсіпкерлікті қаржыландыру, мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды іске асыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін бизнес саласында тиімді пайдалану мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Кездесу өзара тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Жиын аясында Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерге облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың және аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың «Алғыс хаттары» табысталды.
Сондай-ақ форум бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің тігін өнімдері таныстырылып, сәнді киімдер көрсетілімі ұйымдастырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!