Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда отандық құрылыс материалдарының үлесі 80 пайызға жеткізілмек

17.11.2026, 11:25 62

Үкімет алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін қазіргі 73 пайыздан 80 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл үшін жаңа кәсіпорындар ашылып, құрылыс жобаларында қазақстандық өнімге басымдық беріледі, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында құрылыс материалдары өндірісін кеңейту және импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі жоспарларды таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ішкі нарықтағы құрылыс материалдарына сұраныстың 73 пайызы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Ендігі міндет осы көрсеткішті үш жыл ішінде 80 пайызға жеткізу.

Министрлік дерегінше, Қазақстан цемент, бетон, темірбетон бұйымдары, металл конструкциялары және гипсокартон сияқты негізгі құрылыс материалдарының бірқатар түрін өзі өндіреді. Алайда жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық плиталар, композиттік және қаптау бұйымдары өндірісін одан әрі кеңейту қажеттігі сақталып отыр.

— Мемлекет басшысының 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді. Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73 пайызы отандық өнімге тиесілі, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында алдағы уақытта қандай құрылыс материалдарына сұраныс жоғары болатыны айқындалады. Осы мәліметтер негізінде жаңа өндіріс орындарын ашуға инвестиция тарту жұмыстары жүргізілмек.

Сонымен қатар мемлекеттік және басқа да құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде қазақстандық материалдардың басымдығын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Министрлік отандық кәсіпорындар шығаратын өнімді жеткілікті негізсіз импорттық тауарлармен алмастыруға жол бермеу шараларын қабылдауды жоспарлаған.

— «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады, – деді министр.

Бұған дейін Ерсайын Нағаспаев 2025 жылы ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі 67 пайыз болғанын хабарлаған. Биыл бұл көрсеткіш 73 пайызға жеткен. Өндірісті кеңейту аясында жылу оқшаулағыш материалдар мен керамикалық бұйымдар шығаратын жаңа кәсіпорындар іске қосылып, бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, Қызылорда облысында испаниялық Roca компаниясының санитариялық-техникалық бұйымдар өндіретін зауыт жобасы қолға алынған. Мұндай өндірістердің іске қосылуы құрылыс материалдарының түрлерін көбейтіп, ішкі нарықтағы импорт үлесін қысқартуға бағытталған.

Үкімет алдағы үш жылда отандық өнімнің нарықтағы үлесін жеті пайыздық тармаққа арттыруды көздейді. Жоспардың орындалуы жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және қазақстандық құрылыс материалдарының бағасы мен сапалық бәсекеге қабілеттілігіне байланысты болмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: