Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Министрлік Арал геопаркін дамытуға қаражат жоспарламаған (Видео)

19.11.2026, 14:05 28

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен еліміздегі спорт пен туризмді дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Брифинг барысында Halyqline.kz ақпарат агенттігі балалар спортын қаржыландыру және Арал геопаркін дамыту мәселелеріне қатысты сауал қойды.

Қызылорда облысындағы 21 спорт мектебінде 22 мыңнан астам бала мен жасөспірім жаттығады. Осыған байланысты спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіру барысында бір балаға қанша қаражат бөлінетінін және қаржы алу мақсатында бала санын жасанды түрде көбейтіп көрсетуге жол бермеу үшін қандай бақылау тетіктері қарастырылғанын сұрадық.

– Бір балаға 415 мың теңге қаражат бөлінетін болады. Қадағалау тетіктері E-sport платформасы арқылы жүзеге асырылады, – деді Ербол Мырзабосынов.

Сондай-ақ министрге «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне енгізу жұмыстарына байланысты өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға қанша қаражат бөлінетінін және жергілікті тұрғындарға қанша тұрақты жұмыс орнын ашу көзделгенін сұрадық.

– Арал мәселесі бойынша министрлік тарапынан қаражат жоспарланбаған. Бұл бағытта жергілікті әкімдік тарапынан қаражат бөлінетін болады, – деді министр.

Сауалымызға қосымша жауап берген комитет төрағасы халықаралық сарапшылардың бағалау жұмыстарын жүргізуіне министрлік пен жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетілгенін, қазіргі уақытта оның нәтижесі күтіліп отырғанын жеткізді.

– Әкімдікпен бірлесіп Арал геопаркін одан әрі абаттандыру, оның имиджін ілгерілету бойынша жұмыстарды бір іс-шаралар жоспарына біріктірдік. Қазір осы жоспарды мемлекеттік органдармен пысықтап жатырмыз. Іс-шаралар жоспары пысықталғаннан кейін геопаркті абаттандыру, инфрақұрылым тарту және түрлі шаралар өткізу бойынша нақты түсінік пайда болады, – деді комитет төрағасы.

Әзірге Арал геопаркінің туристік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі мен жергілікті тұрғындар үшін ашылатын тұрақты жұмыс орындарының саны нақтыланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: