Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей ұшатын күн жақын: алғашқы рейстер 2027 жылы ашылмақ

19.11.2026, 16:45 20

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Екі ел арасындағы әуе қатынасын ашу мәселесін Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ делегациясының басшысы Дэниел Дж. Эдвардс Монреаль қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) конференциясында талқылады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Тікелей рейстерді іске қосудың негізгі шарттарының бірі – Қазақстанның АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) бірінші санатын алуы. Биыл қыркүйекте жүргізілген аудит қорытындысы бойынша америкалық сарапшылар Қазақстанның авиациялық көрсеткіштеріне оң баға берген. Қазіргі уақытта қажетті рәсімдерді аяқтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру үшін Air Astana әуе компаниясы 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағының жеткізілуін күтіп отыр. Алыс қашықтыққа ұшуға арналған бұл әуе кемелері құрлықаралық рейстерді орындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстан президентінің 2026 жылғы ақпанда АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары барысында америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 әуе кемесін жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.

Әзірге АҚШ-тың қай қалаларына тікелей рейс ашылатыны, билет бағасы мен ұшу жиілігі туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. 

– АҚШ-тың авиациялық билік органдарымен сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдердің жақын арада аяқталуына сенім артамыз, – деді Талғат Ластаев. 

Вице-министрдің айтуынша, тікелей әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды нығайтып, Орталық Азия мен АҚШ арасындағы көлік қатынасын дамытуға ықпал етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: