Орал қаласында небәрі 1,2 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеуге бөлінген 272 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Прокуратура мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тексеру барысында бюджет заңнамасының бұзылғанын және асфальт төсеу жұмыстарының экономикалық негіздемесі болмағанын анықтады, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұзындығы 1,2 шақырым болатын жол учаскесін күрделі жөндеуге 272 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Алайда қадағалау органы жүргізген тексеру кезінде жоспарланған шығындардың жеткілікті негізделмегені белгілі болды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекеттік сатып алу шарты бұзылып, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Қадағалау шараларының нәтижесінде жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Осылайша, жол жөндеуге қарастырылған 272 млн теңгенің жұмсалуына тосқауыл қойылған. Дегенмен ресми ақпаратта жолдың нақты қай учаскесі жөнделмек болғаны және жұмыстардың кейін қандай тәртіппен жүргізілетіні туралы толық мәлімет келтірілмеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!