Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Мәскеуде «Яндекс Қазақстанның» жұмысына баға берді

27.11.2026, 10:50 68

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу барысында «Яндекс Қазақстан» компаниясының елдегі қызметіне оң баға берді. Мемлекет басшысы ресейлік технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығындағы жұмысына тоқталып, оларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz Ақордаға сілтеме жасап.

26 қарашада Кремльде өткен кездесуде тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықпен қатар, цифрландыру, жасанды интеллект және жоғары технологиялар саласындағы серіктестікті талқылады. Тоқаев Қазақстанның ресейлік компаниялардың қызметін, әсіресе киберқауіпсіздік бағытындағы тәжірибесін қызығушылықпен зерделеп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Мәскеуге барған қазақстандық делегация құрамында цифрлық технологияларды енгізіп жатқан түрлі бизнес салаларының өкілдері де бар.

— Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент AI Journey 2026 халықаралық конференциясында да ресейлік технологиялық компаниялардың жетістіктеріне тоқталды. Мемлекет басшысы «Сбер» мен «Яндекс» әзірлемелерінің технологиялық дамуға қосып отырған үлесін атап, олардың Қазақстанда кеңінен танылғанын айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық шешімдерді экономика салаларына енгізу Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының біріне айналмақ.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Мәскеуге Владимир Путиннің шақыруымен 25–26 қараша күндері жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, Қазақстан президенті жасанды интеллект мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: