Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балқаштағы алғашқы АЭС құрылысына «Росатом» жетекшілік етеді – Тоқаев

27.11.2026, 11:05 91

Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясының құрылысына ресейлік «Росатом» корпорациясы жетекшілік етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясында мәлімдеді. Президент атом энергетикасын дамыту туралы шешімді еліміздің алдағы технологиялық және экономикалық дамуымен байланыстырды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллект жүйелерінің кеңінен қолданылуы әлемдегі электр энергиясына сұранысты арттырып жатыр. Әсіресе деректерді өңдеу орталықтарының қарқынды дамуы энергетикалық инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсіреді. Мемлекет басшысы Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сүйеніп, 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтынуы 950 миллиард киловатт-сағатқа жетуі мүмкін екенін айтты. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары.

— Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атом энергетикасын дамыту мәселесін тек электр энергиясын өндірумен шектемей, Қазақстанның жоғары технологиялық экономикаға көшуінің бір бағыты ретінде қарастырды. Оның айтуынша, жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану үшін сенімді энергетикалық жүйе, есептеу қуаты және білікті мамандар қажет. Сондықтан энергетика мен цифрландыру салаларындағы жобалар өзара байланысты түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Айта кетейік, Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу жоспары бұған дейін де жарияланған. Мәскеудегі мәлімдемесінде Президент алғашқы «Балқаш» атом электр станциясын салуда «Росатомның» жетекші рөл атқаратынын тағы да растады. Алайда конференцияда станция құрылысының толық құны, қаржыландыру шарттары және пайдалануға берілетін нақты мерзімі туралы қосымша мәлімет жарияланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: