Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жыр ғұмыр» атты еске алу кеші өтті

26.11.2026, 17:15 73

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облыстық филармониясы Жыраулар үйінде Сыр өңірінің дәстүрлі өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан айтыскер ақын, жырау, күйші Серік Өтеуовтің туғанына 70 жыл толуына орай «Жыр ғұмыр» атты еске алу кеші өтті, деп жазады филармонияның баспасөз қызметі.

Серік Өтеуов – жыршылық, ақындық пен күйшілікті қатар меңгеріп, Сыр елінің мәдениеті мен руханиятында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер иесі. Облыстық және аймақтық ақындар айтысында өнер көрсетіп, жыраулық дәстүрдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтың шығармашылық мұрасы бүгінде кейінгі ұрпаққа жалғасып келеді. 2016 жылы ақынның шығармалары топтастырылған «Томағалы тұйғын» кітабы жарық көріп, «Жампоз жырау, төкпе ақын» атты үнтабаққа айтыстары, күйлері мен орындауындағы дастандар жазылып, көпшілікке ұсынылды.

Өнер иесінің шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған еске алу кеші ғылыми-танымдық және концерттік бағыттағы екі бөлімнен тұрды.

Кештің алғашқы бөлімінде Серік Өтеуовтің жеке тұтынған заттары мен марапаттарынан арнайы көрме жасақталып, өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара барысында Қызылорда облыстық филармониясының басшысы Т.Мақаш сөз сөйлеп, айтыскер ақын Б.Орынбасар арнау арнады. Ғылыми қызметкер Ф.Оңталап «Жыраулық дәстүр мен айтыскерлік өнер сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар мәдениет саласының ардагері Қабдеш Шағыров өнер иесі туралы естеліктерімен бөлісіп, ақынның ұлы Еркебұлан Өтеуов «Жан әке» шығармасын оқыды.

Кеш аясында Серік Өтеуовтің жары Гүлсім Ибадуллаева өнер иесінің өзі тұтынған домбырасын Жыраулар үйінің музейлік залына құнды жәдігер ретінде табыстады.

Еске алу кешінің екінші бөлімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Сыр өңірінің белгілі жыраулары, дәстүрлі өнер орындаушылары, күйшілері мен жас өнерпаздары Серік Өтеуовтің төл туындыларын, күйлері мен өнер иесіне арналған арнау шығармаларды орындады. Сондай-ақ әке жолын жалғаған ұлдары Алмас пен Еркебұлан Өтеуовтердің өнер жолы дәстүрлі өнердегі ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі ретінде дәріптелді.

Концерттік бағдарлама барысында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының басшысы Жанат Ашанқызы архив қорынан табылған Серік Өтеуовтің айтыстарының бейнежазбаларын арнайы өңдеп, қалпына келтіріп, монтаждалған нұсқаларын өнер иесінің ұрпақтарына және Жыраулар үйіне табыстады.

Аталған мәдени іс-шара Серік Өтеуовтің шығармашылық мұрасын ұлықтауға, құнды жәдігерлер мен архивтік материалдарды сақтауға, Сыр өңірінің дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттауға және ұлттық өнердегі ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: