Бүгін Қызылорда облыстық кітапханада ақын Темірше Сарыбайұлының туғанына 85 жыл толуына арналған «Текті жырдың Теміршесі» атты әдеби кеш өтті. Бұл туралы аталған кітапхананың баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Сыр өңірінің сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын Темірше Сарыбайұлының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, әдеби мұрасын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Хұсейін, ардагер журналист, сатирик-жазушы Қ.Мырзахметұлы, ақын, Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қ.Есімсейітова, ақын Д.Аяшұлы, танымал айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері М.Байдәулетов, ақын әрі сазгер А.Орынбаева қатысып, ақын туралы ой-пікірлері мен естеліктерімен бөлісті.
Іс-шарада ақынның қызы Шадыман Теміршеқызы әке мұрасына деген құрметін жыр шумақтарымен жеткізсе, өмірлік серігі Ақсұлу Еламанова ақынның отбасылық өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертіп, жарқын бейнесін еске алды.
Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған сазгер Айкүміс Орынбаеваның әуенімен дүниеге келген «Жалағашым» әні орындалды.
Іс-шара аясында «Дариясын сүйген дарын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге ақынның кітаптары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар, фотосуреттер мен естелік материалдар қойылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!