Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интернет сапасын жақсарту мәселелері талқыланды

24.11.2026, 15:20 10

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте телекоммуникация саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиынға Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Мәжілістен кейін аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты аппарат мәжілісін өткізіп, аймақ басшысының тапсырмаларына сәйкес жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиында интернет желісінің қолжетімділігін арттыру, шалғай елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, мобильді байланыс сапасын жақсарту және қолданыстағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері сөз болды.

Бүгінде Қазалы ауданы бойынша жалпы интернетпен қамтылу көрсеткіші 92 пайызды құрайды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және 18 ауылдық елді мекенге тартылған. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ арқылы 10 елді мекен 20 Мбит/с, «Транстелеком» АҚ арқылы 10 елді мекен 25 Мбит/с жылдамдықпен интернет қызметін пайдалануда. Ауданның 5G мобильді байланыс желісі Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде іске қосылған. 19 елді мекен 4G, 9 елді мекен 3G желісімен қамтылса, 4 елді мекенде 2G байланысы сақталған. Дегенмен, Қожақазған, Тапа, Мәдинет, Ажар, Жұбан, Тасөткел, Шилі және Шөлқұм елді мекендерінде мобильді интернет желісі жоқ. Аталған ауылдарда жалпы саны 682 тұрғын бар.

Осыған байланысты аудан басшысы шалғай елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ Алтай, Ойынды, Көбек, Майлыбас, Лақалы және Кәукей елді мекендеріне тартылған байланыс желілерін іске қосу жұмыстарын нақты мерзімде аяқтауды тапсырды. Мемлекеттік мекемелерді, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударды.

Жиында аудан әкімі байланыс операторларының жауапты басшыларына Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы қисайған, тозығы жеткен телекоммуникациялық бағаналарды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырма берді. Анықталған кемшіліктерді 10 күн мерзімде қалпына келтіріп, атқарылған жұмыстардың фотосуреттерін ұсынуды міндеттеді.

Мәжілістің соңында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстары да қаралды. Аудан әкімі Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округтер аумағындағы тазалық жұмыстарының деңгейіне сын айтып, жауапты әкімдерге анықталған кемшіліктерді бір апта мерзімде жоюды қатаң тапсырды.

Белгіленген мерзімде тапсырмалар орындалмаған жағдайда жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізілетін ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: