Бүгін Қызылорда қаласындағы «Тағзым алаңында» Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету рәсімі өтті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
1980 жылдардың екінші жартысында Таулы Қарабах өңірінде шиеленіс күшейіп, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілер жұмылдырылды. Осы кезеңде аймағымыздан 200-ден астам қызылордалық сарбаз әскери міндетін атқаруға аттанды.
Бүгінде Республикалық «Қарабах ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен 27 желтоқсан Кеңес әскерлерінің Таулы Қарабахтан шығарылған күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата – тарихи оқиғаларға қатысқан азаматтардың ерлігін ұлықтап, ардагерлерге құрмет білдіретін тағылымды күн.
Тағзым рәсіміне облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірбек Шәменов, республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Ерғали Базарбаев, әскери бөлім басшылары, ардагерлер мен қоғам өкілдері қатысты.
Жиында қаза тапқан жауынгерлер мен өмірден өткен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың ерлігі мен ел тарихындағы орнына тоқталды. Сыр жұртшылығы атынан ескерткішке гүл шоқтары қойылып, «Айтбай» мешітінің наиб имамы Қожакелді Аманжолұлы марқұмдардың рухына Құран бағыштады.
Бүгінде ардагерлер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, Отан алдындағы борыш пен ел бірлігінің маңызын насихаттауға үлес қосып келеді. Олардың ерлігі мен өнегелі жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Ел тыныштығы мен бейбітшілігі жолында қызмет еткен азаматтардың есімі әрдайым ел жадында сақталады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!