Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.
Жеке қабылдауға Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Серік Ергешов қатысып, аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдаудың басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелерді зерделеу және олардың заң аясында шешілуіне ықпал ету.
Кездесу барысында аудан тұрғындары түрлі мәселелер бойынша өтініш-тілектерін білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Әсіресе қоғамдық қауіпсіздік, құқықтық тәртіп және полиция қызметіне қатысты мәселелерге баса назар аударылды.
Полиция департаментінің бастығы тұрғындардың әрбір өтінішін мұқият тыңдап, полиция органдарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қабылдау барысында Департамент бастығы тұрғындар көтерген мәселелердің кезең-кезеңімен зерделеніп, заң аясында шешімін табуы үшін жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілуі мен орындалу барысы бақылауда болатынын жеткізді.
Ал полиция органдарының құзыретіне жатпайтын мәселелер бойынша жүгінген азаматтарға тиісті құқықтық кеңестер беріліп, оларды шешу жолдары түсіндірілді.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығы мен мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Фото: Полиция департаменті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!