Қазақстанда inDrive пен Yandex сервистерінде тіркелген азаматтардың арасында іздеуде жүрген, жүргізуші куәлігінен айырылған және басқа да құқықтық шектеулері бар адамдар анықталған. Бас прокуратура цифрлық платформаларға бақылауды күшейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Қазақстанда такси және жеткізу қызметтерін ұсынатын цифрлық платформалардағы қауіпсіздік мәселесі көтерілді. «Платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде Бас прокуратура өкілі inDrive пен Yandex сервистерінде тіркелген азаматтарға қатысты алаңдатарлық мәліметтерді жариялады.
Бас прокуратураның Қаржы департаментінің директоры Ілияс Испановтың айтуынша, құқық қорғау органдарының ақпараттық базаларымен салыстыру барысында inDrive платформасында 500 мың, ал Yandex сервисінде 220 мың адамның тіркелгені анықталған. Олардың арасында іздеуде жүрген, пробация есебінде тұрған, көлік жүргізу құқығынан айырылған және медициналық шектеулері бар азаматтар аталған.
Алайда бұл көрсеткіштерді 720 мың адамның барлығы қылмыс жасаған немесе жолаушы тасымалдап жүрген деген мағынада түсіндіруге болмайды. Мәлімдемеде шектеулердің әр түрі бір топқа біріктірілген. Сондай-ақ бір адамның екі платформада қатар тіркелу мүмкіндігі бар. Әр санатқа қанша адам жататыны және олардың қаншасы нақты тапсырыс орындағаны ашық көрсетілмеген.
Ілияс Испановтың мәліметінше, қазір Бас прокуратура inDrive және Yandex Taxi компанияларымен ақпарат алмасу жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе толық іске қосылған жағдайда құқықтық шектеуі бар адамдардың цифрлық платформалардағы белсенділігін анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға автоматты түрде хабарлауға мүмкіндік бермек.
— Жүйе мемлекеттік органдардың 100-ден астам базасымен және бейнеаналитика жүйелерімен біріктірілген, – деді Ілияс Испанов.
Оның айтуынша, «Цифрлық қадағалау» ақпараттық-талдау жүйесі іздеуде жүрген адамдарды, пробация есебіндегілерді, жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарды және өзге де шектеулерді анықтауға көмектеседі. Жүйе мемлекеттік дерекқорлардағы ақпаратты өзара салыстырып, ықтимал заңбұзушылықтарды тіркейді.
Бас прокуратура өкілі аталған жүйе арқылы 2025 жылдан бері 20 836 заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Олардың арасында әкімшілік хаттамаларды қолдан жасау, заңсыз айыппұл салу және әкімшілік істерді негізсіз тоқтату деректері бар.
Цифрлық бақылаудың тағы бір бағыты жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарды анықтауға арналған. Ол үшін бейнежазбадағы адамның бет-әлпетін тану технологиясы қолданылады. Бұл жүйе Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында сынақтан өткен. Нәтижесінде көлік жүргізу құқығы жоқ 47 адам анықталып, жауапқа тартылған. Олардың автокөліктері арнайы тұрақтарға қойылған.
Дөңгелек үстелде цифрлық платформалар арқылы табыс табатын азаматтардың еңбек құқықтары да талқыланды. Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда осындай сервистер арқылы жұмыс істейтіндердің саны 956 мыңға жеткен. Бұл көрсеткішке такси жүргізушілерінен бөлек, курьерлер мен басқа да платформа орындаушылары кіреді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі енгізілгенін айтты. Оның аясында әлеуметтік төлемдерді есептеу мен аудару міндеті интернет-платформа операторларына жүктелген.
Жиында жүргізушілер мен курьерлердің аккаунты негізсіз бұғатталған жағдайда олардың табысын қорғау, шағым түсіру тетіктерін нақтылау және платформалардың жауапкершілігін арттыру мәселелері де көтерілді.
Бас прокуратура алдағы уақытта Wolt пен Glovo секілді өзге цифрлық сервистермен де дерек алмасуды жолға қоюға дайын екенін мәлімдеді. Бұл бағыттағы шаралар платформалардағы заң талаптарының сақталуын бақылауға және жолаушылар мен қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!