Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Немерем жылап қалды»: оқушыны қағып кеткен әйел неге кетіп қалғанын түсіндірді

18.11.2026, 11:50 113

Қарағанды облысында 14 жастағы оқушы қызды көлік қағып өлтірген кәсіпкер әйелдің әрекетіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қайғылы оқиға 17 қазан күні Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылында болған. Марқұмның отбасы жүргізушінің жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болған. 14 жастағы Ангелина Поганько серуеннен үйіне қайтып келе жатып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған. Сол сәтте оны жеңіл көлік қағып кеткен. Жасөспірім алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Туыстарының айтуынша, қыздың денесі төрт сағат бойы жол үстінде жатқан. Ал көлік тізгінінде болған жергілікті кәсіпкер Гүлмира Рахменова жол апатынан кейін оқиға орнынан кетіп, кейін қайта оралған. Марқұмның ата-анасы жүргізушінің неге бірден ұсталмағанына наразы болып, қайғылы оқиғаның куәгерлерін іздестіріп жатыр.

Кәсіпкер әйел өзінің оқиға орнынан кеткенін көлікте үш жасар немересінің болғанымен түсіндіреді. Оның айтуынша, жол апаты кезінде бала соғылып, қатты жылаған. Әйел шамамен жарты сағаттан кейін қайтып келгенін, сондай-ақ қаза тапқан қыздың жақындарынан кешірім сұрағанын мәлімдеді.

— Мен оқиға орнынан кеттім, себебі көліктің артқы орындығында үш жасар немерем отырған. Ол соғылып, қатты жылап, шошып қалды. Шамамен жарты сағаттан кейін қайта оралдым. Олар 30 миллион теңге сұрады, бірақ менде ондай қаражат жоқ, — деді Гүлмира Рахменова КТК телеарнасына берген сұхбатында.

Жүргізушінің сөзінше, ол көлікті рұқсат етілген сағатына 50 шақырым жылдамдықпен басқарған. Алайда апаттың нақты мән-жайы мен жүргізушінің кінәсі сараптама қорытындысынан кейін анықталады. Қаза тапқан оқушының отбасы болған оқиғаға қатысты толыққанды тергеу жүргізіліп, заң аясында тиісті шешім қабылданғанын қалайды. Тараптар заңгерлердің көмегіне жүгінген.

Қарағанды облысының полициясы жол апатына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Олар жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру және жүргізушінің жол-көлік оқиғасы болған жерден кетуі деректеріне қатысты. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізушінің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.

Айта кетейік, қаза тапқан қыздың жақындары 17 қазан күні Петровка ауылында болған жол апатын көрген адамдардан және сол маңнан өткен көлік жүргізушілерінен бейнетіркегіш жазбаларын ұсынуды сұрап отыр. Олар бұл жазбалар қайғылы оқиғаның нақты қалай болғанын анықтауға көмектеседі деп үміттенеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: