Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Украина Қырым көпіріне соққы жасады: Ресей бір түнде 1336 дрон атып түсіргенін мәлімдеді

16.11.2026, 16:40 29

Украина Ресей аумағына ауқымды дрон шабуылын жасады. Соның салдарынан Қырым көпіріндегі көлік қозғалысы уақытша тоқтатылып, Краснодар өлкесіндегі өнеркәсіп нысанында өрт шықты, деп хабарлайды Halyqline.kz Bloomberg және Reuters агенттіктеріне сілтеме жасап.

16 қарашаға қараған түні Украина Ресейдің бірнеше өңіріне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жаппай шабуыл жасады. Шабуыл кезінде Ресей мен аннексияланған Қырым түбегін жалғайтын Қырым көпірі де нысанаға алынған. Бұл туралы Қырымның Ресей тағайындаған басшысы Сергей Аксёнов мәлімдеді.

Оның айтуынша, көпірге жасалған соққыдан кейін қауіпсіздік мақсатында автомобиль қозғалысына шектеу енгізілген. Жол қатынасы шамамен күн ортасына дейін тоқтатылып, шабуыл салдарын жою үшін арнайы қызметтер жұмылдырылған. Керчь қаласында жедел штаб құрылған.

— Қарсы тарап Қырым көпіріне соққы жасады. Қазіргі уақытта шабуыл салдарын жою үшін барлық қажетті қызметтер жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлады Сергей Аксёнов.

Кейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков көпірге келтірілген зақымның айтарлықтай ауыр емес екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, көлік қозғалысы қайта жандана бастаған. Ал Ресейдің Көлік министрлігі алдын ала мәлімет бойынша, көпірдегі шабуылдан зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, түнгі шабуыл кезінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Украинаға тиесілі 1336 дронды атып түсірген. Ұшқышсыз аппараттар Мәскеу маңында, Краснодар өлкесінде, Қырымда және Ресейдің бірқатар облысында, сондай-ақ Қара теңіз бен Азов теңізінің үстінде тіркелген.

Reuters агенттігінің жазуынша, Ресей Қорғаныс министрлігінің деректеріне сүйенгенде, бұл 2022 жылы соғыс басталғалы бері бір түнде тіркелген ең ауқымды дрон шабуылдарының бірі. Дегенмен Мәскеу жариялаған 1336 аппарат туралы мәліметті тәуелсіз дереккөздер толық растай алған жоқ.

Шабуыл Краснодар өлкесіне де әсер еткен. Ильский кентіндегі өнеркәсіп кәсіпорындарының бірінде өрт шықты. Жергілікті билік өрттің дрон сынықтарының құлауынан тұтанғанын мәлімдеді. Аталған елді мекенде ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқанымен, өрттің дәл осы кәсіпорында болғаны ресми түрде нақтыланбады.

Краснодар өлкесінде шабуыл салдарынан тұрғын үйлер де зақымданған. Жергілікті биліктің мәліметінше, алты адам жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында балалар бар.

Қырым көпірі Ресей үшін стратегиялық маңызы бар көлік инфрақұрылымдарының бірі саналады. Ұзындығы шамамен 19 шақырым болатын өткел Ресейдің Краснодар өлкесі мен 2014 жылы Ресей аннексиялаған Қырым түбегін байланыстырады. Ол автомобиль және теміржол қатынасына арналған.

Көпір бұған дейін де бірнеше мәрте шабуыл нысанасына айналған. Украина тарапы бұл бағытты Ресей әскерінің Қырымдағы логистикалық қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігі деп санайды.

Қазіргі шабуылдан кейін көпірдің нақты қаншалықты зақымданғаны туралы толық тәуелсіз бағалау жарияланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: