Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жариялады

16.11.2026, 15:55 43

Ермек Сағымбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен кетуіне күштік құрылымдар жұмысындағы қателіктер мен арнайы қызметті реформалау қажеттігі әсер еткен. Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босату туралы шешім қабылдады. Таратылған түсіндірмеге сәйкес, Президент арнайы қызметті реформалау міндетін нәтижелі орындау үшін басшылық құрамда кадрлық өзгерістер жүргізу қажеттігін ескерген.

Сондай-ақ кадрлық шешім қабылдау кезінде «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты жағдай назарға алынған. Мемлекет басшысының бағалауынша, аталған оқиға барысында күштік құрылым қызметкерлері қателіктерге жол берген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.

Мәлімдемеде «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларына қатысты істің сыбайлас жемқорлық сипаты күмән тудырмайтыны айтылған. Сонымен қатар тергеу кезінде күдіктілердің әрекеттері бұл тұжырымға негіз болғаны көрсетілген. Алайда қылмыстық істің мән-жайы толық жарияланған жоқ, ал ұсталған тұлғалардың кінәсі сот үкімімен анықталуы тиіс.

Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болғаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұстанымы өзгермейтіні де хабарланды.

Бұған дейін, 13 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына байланысты қатаң мәлімдеме жасаған еді.

— Жоғары лауазым үлкен жауапкершілік жүктейді. Ешкім де қызметіне, еңбегіне немесе байланысына, соның ішінде туыстық байланысына қарамастан, заңнан тыс артықшылықтарға үміт арта алмайды. Бұл менің қағидатты ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 16 қарашада Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен де жиын өткізген. Кездесуде полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру, қызметтік тәртіпті нығайту және «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы Ержан Сәденовке қатардағы полиция қызметкерлері мен офицерлік құрам арасындағы тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өз міндеттерін орындау кезіндегі жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, 16 қарашада Ермек Сағымбаевтың орнына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Марат Ирменов тағайындалды. Сағымбаевтың енді қандай қызмет атқаратыны әзірге хабарланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: