Қызылорда облысындағы құқықтық тәртіптің жай-күйі, әкімшілік құқық бұзушылықтардың көрсеткіштері мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз бағытында атқарылған жұмыстар Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте сараланды. Жиында жауапты ведомство өкілдері маңызды статистиканы жариялап, профилактикалық шаралардың нәтижелерін ортаға салды.
Баспасөз конференциясында алғашқы болып сөз алған ҚР Бас прокуратурасы ҚСжАЕ Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Естай Жукашев өңірдегі құқықтық ахуалға тоқталды.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полициямен бірлесіп 12 мектеп маңындағы бейнекамераларға “OPER” жүйесі интеграцияланды. Қауіпті тұлғалар камера аймағында пайда болса, “102” арнасына автоматты түрде сигнал түседі. Басты мақсат қателікпен күресу емес, құқық бұзушылықтың алдын алу», – деді Естай Толыбайұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мұратбек Манатов жол қауіпсіздігі мен заманауи цифрлық кешендердің жұмысын баяндады.
«Есепті кезеңде полиция органдары 373 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықталды. Бүгінде жол қозғалысын қадағалау үшін 218 автоматты құрылғы, соның ішінде 25 мобильді кешен мен “SUNQAR” жүйелері толық жұмыс істеп тұр. Жақында республикалық маңызы бар жолдарда “ZEREK-2” орташа жылдамдықты бақылау жүйелері де іске қосылды. Атқарылған кешенді шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны айтарлықтай төмендеді», – деді Мұратбек Мейрамбекұлы.
Жиын соңында құқық қорғау органдары өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға және жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!