Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырғызстан президенттігіне 11 адам үміткер болып отыр

13.11.2026, 10:50 20

Қырғызстанда 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген президент сайлауына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Мемлекет басшысы қызметіне 11 адам үміткер, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қырғызстанның Орталық сайлау және референдум өткізу комиссиясының мәліметінше, президент сайлауына қатысуға ниет білдірген азаматтардан өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Алдын ала қорытынды бойынша мемлекет басшысы лауазымына 11 адам таласуға ниетті. Олардың арасында қазіргі президент Садыр Жапаров та бар.

Сайлауға қатысуға өтініш бергендердің қатарында кәсіпкерлер Аймен Касенов, Азамат Эсенбеков пен Акай Кыдыров, Қаржы полициясының бұрынғы басшысы Сыймык Жапыкеев, парламенттің бұрынғы депутаттары Исхак Масалиев пен Бақтыбек Қалмаматов бар. Сондай-ақ бұрынғы Мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Бақытбек Адылов, «БОйл» компаниясының директоры Амур Айба Медер, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Мәмбетжүніс Абылов және Конституциялық палата судьясы қызметін атқарған Клара Сооронқұлова да кандидатурасын ұсынған.

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы әзірге аталған 11 азаматтың барлығы ресми кандидат ретінде тіркелмегенін ескертті. Олар алдымен заңда белгіленген талаптарды орындауы қажет.

Сайлау комиссиясының мәліметінше, президенттікке үміткер әр азамат кемінде 30 мың сайлаушының қолын жинауға міндетті. Электрондық қолтаңбаларды жинау кезеңі желтоқсан айының басына дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, үміткерлерді тіркеуге қажетті құжаттар 13 желтоқсанға дейін қабылданады. Ал кандидаттарды ресми тіркеу рәсімі 23 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Қырғызстанда президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді. Оған нақты қанша кандидат қатысатыны құжаттарды тексеру және тіркеу кезеңі аяқталған соң белгілі болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: