Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Бәйтерек ауылдық округінде бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
Аталған нысан ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болмақ. Жаңа спорт кешені ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға және тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының демеушілік қолдауымен бой көтеріп жатқан заманауи спорт кешенінің жалпы құны 622 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Интегрострой» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына баса назар аударып, жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс сапасын қамтамасыз етуді және нысанды бекітілген кестеге сәйкес мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, аудан аумағында спорттық инфрақұрылымды дамыту, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау және бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!