Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚШ-та байланыс жүйесі істен шығып, мыңдаған әуе рейсі тоқтатылды

14.11.2026, 17:25 31

АҚШ-та авиадиспетчерлердің байланыс жүйесінде ірі техникалық ақау болып, ел аумағындағы әуежайлардан ұшақтардың көтерілуіне төрт сағаттан астам уақыт шектеу қойылды. Кейін ұшуға қайта рұқсат берілгенімен, мыңдаған рейс тоқтатылып, жолаушылар әуежайларда қалып қойды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

13 қарашада АҚШ Федералды авиация әкімшілігі (FAA) әуе қозғалысын басқару орталықтарындағы байланыс жүйесінің істен шығуына байланысты бүкіл ел бойынша ұшақтардың әуеге көтерілуін уақытша тоқтатты. Әуе кеңістігінде ұшып жүрген ұшақтарға қонуға рұқсат берілді. Ал әуежайларда тұрған әуе кемелерінің ұшуына шектеу енгізілді.

Төтенше жағдай АҚШ-тың ірі әуе тораптарындағы жұмысқа әсер етті. Бостон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес және Сиэтл қалаларындағы әуежайларда жолаушылардың сапары кейінге шегеріліп, ұшу кестесі бұзылды. Reuters мәліметінше, 13 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 23:30-ға қарай шамамен 10 мың рейс тоқтатылған. Он мыңдаған жолаушы діттеген жеріне уақытында жете алмады.

АҚШ көлік министрі Шон Даффи ақаудың әуе қозғалысын басқаруға арналған ескірген телекоммуникациялық жүйедегі құрылғыларға байланысты болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, желілік жабдықтарға шамадан тыс ақпарат жүктеліп, байланыс пен радиолокациялық деректерде сәйкессіздіктер пайда болған.

— Біздің коммутаторларымыз бен маршрутизаторларымызға шамадан тыс дерек жүктелді. Соның салдарынан жүйе бір-біріне сәйкес келмейтін ақпарат бере бастады. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында ұшуларды тоқтаттық, – деді Шон Даффи.

Министрдің сөзінше, ақау кезінде диспетчерлік байланыс пен радиолокациялық бақылау толық жоғалмаған. Мамандар әуеде жүрген мыңдаған ұшақтың қауіпсіз қонуын қамтамасыз еткен.

АҚШ Федералды авиация әкімшілігі жергілікті уақытпен сағат 20:15-те ұшуға қойылған жалпыұлттық шектеуді алып тастады. Алайда әуе қатынасы бірден қалыпты жағдайға оралған жоқ. Әуе компанияларына ұшақтар мен экипаждардың жұмыс кестесін қайта реттеу қажет болғандықтан, іркіліс бірнеше күнге созылуы мүмкін.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі оқиғаға кибершабуылдың қатысы бар екенін көрсететін дәлелдер әзірге анықталмағанын хабарлады. Дегенмен техникалық ақаудың барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Аталған оқиға 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдардан кейінгі АҚШ көлемінде енгізілген ең ұзақ ұшу шектеулерінің бірі болды. Бұған дейін 2023 жылдың қаңтарында авиациялық ақпарат жүйесіндегі ақау салдарынан елдегі ұшулар шамамен 90 минутқа тоқтатылған еді.

Шон Даффи АҚШ-тың ескірген әуе қозғалысын басқару жүйесін толық жаңғырту үшін шамамен 50 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: