13 қараша күні Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің 25 жылдық мерейтойына арналған «Болашақтың іргетасы: сапалы білімге 25 жыл» атты салтанатты гала-концерт өтті, деп жазады аталған колледждің баспасөз қызметі.
Мерейтойлық салтанатты Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтау лебізін жеткізумен ашты. Құттықтау сөзінде колледждің ширек ғасырлық даму жолына, өңірдің білім беру саласына қосқан үлесіне және білікті мамандар даярлаудағы жетістіктеріне ерекше тоқталды.

Мерекелік кеште колледждің негізін қалаушы Мұрат Бақтиярұлы құттықтау сөз сөйлеп, білім ордасының қалыптасу тарихы мен даму кезеңдеріне тоқталды. Сондай-ақ колледж ұжымына, ұстаздар қауымына және білім ордасының өркендеуіне үлес қосқан барша азаматқа ізгі тілегін білдірді.
Ширек ғасырлық тарихы бар білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған жасқа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлап келеді. Бүгінде колледж отандық білім беру кеңістігінде өзіндік орны бар, халықаралық ынтымақтастықты дамытып, заманауи білім беру талаптарына сай жұмыс істейтін оқу орнына айналды.
Гала-концерт бағдарламасы мазмұнды әрі әсерлі өнер көрсетілімдеріне ұласты. Көрермендер назарына вокалдық және хореографиялық нөмірлер, музыкалық қойылымдар, шығармашылық композициялар мен арнайы сахналық көріністер ұсынылды. Сонымен қатар колледждің қалыптасу тарихы, жеткен жетістіктері мен даму белестерін қамтыған бейнероликтер мен таныстырылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Мерейтой аясында колледждің дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар мен оқытушылардың еңбегі дәріптеліп, білім ордасының қалыптасуына атсалысқан тұлғаларға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ колледждің абыройын асқақтатып жүрген үздік түлектерге мерекелік төсбелгілер табысталды.
«Болашақтың іргетасы: сапалы білімге 25 жыл» атты мерейтойлық гала-концерт өткенге тағзым, бүгінгі жетістіктерге құрмет және болашаққа деген сенімнің жарқын көрінісі болды.
25 жыл – бұл тек уақыт өлшемі емес, мыңдаған түлектің тағдырына жол ашқан, талай ұстаздың еңбегі мен ұрпақтар сабақтастығы тоғысқан үлкен тарих.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!