Бүгін Қазалы ауданында экономика ғылымдарының докторы, профессор, ЮНЕСКО-ның алтын медалінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Орақ Әлиевтің 80 жас мерейтойына орай «Сырдың ерен өрені – ғалым, ұстаз, тағылым!» атты ғылыми-танымдық конференция өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен тағылымды іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен отандық ғылымның дамуына қосқан үлесіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Туған жерден түлеп ұшып, ғылымның биік белестерін бағындырған Орақ Жолмырзаұлының есімі мен еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кез келген дамыған, яғни озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі» деп атап өткен болатын. Расында да, елдің өркендеуі мен өркениеттің биік белестерге көтерілуінде ғылымның орны ерекше. Ал сол ғылымның дамуына ғұмырын арнап, әлемдік ой-сананың өрісін кеңейтіп жүрген ғалымдардың еңбегі – ұлттың рухани әрі зияткерлік байлығы. Туған жердің топырағынан нәр алып, ұлттық руханияттың биігіне көтерілген, бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған осындай азаматтардың бірі – Орақ Жолмырзаұлы, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Тағылымы мол басқосуға еліміздің Астана, Алматы қалаларынан және өзге де өңірлерінен келген ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, академиялық қауымдастық өкілдері, зиялы қауым, мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері қатысты.
Конференция барысында Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Абылай Мұхамбетжан «Сырдың ерен өрені» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның өмір жолы мен ғылыми ізденістеріне тоқталды. Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Сәдуақасұлы «Әріптес дос, ғалым азамат жайында ойтолғау» тақырыбында сөз сөйлеп, мерейтой иесінің азаматтық болмысы, адами қасиеттері мен әріптестік қарым-қатынасы жөніндегі естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті мүшесі Кенжеғали Кенжебаев ғалымның ғылыми ізденістері мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталып, оның отандық ғылымдағы орнын айрықша атап өтті.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан экономикалық ғылымдары академиясының академигі Серікбай Ыдырыс «Орақ Жолмырзаұлының ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі туралы» ой-пікірін ортаға салса, «Есіл» университетінің бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Биханұлы конференцияны қорытындылап, мерейтой иесінің ғылыми және ұстаздық қызметіне жоғары баға берді.
Жиын барысында Орақ Жолмырзаұлының экономикалық ғылымның дамуына қосқан үлесі, жоғары білім беру жүйесін қалыптастырудағы қызметі, ғылыми мектебі мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі кеңінен сөз болды.
Айта кетейік, Орақ Жолмырзаұлы – саяси экономия және экономикалық теория салаларында өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырған көрнекті ғалым. Ол ғылым жолында 16 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын және 5 магистрді даярлап шығарған. Әлемдік гуманитарлық ойдың дамуына қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның алтын медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар туған жеріндегі білім беру саласына қолдау көрсетіп, ауыл жастарының ғылымға бет бұруына айрықша үлес қосып келеді.
Тағылымды конференция аясында мерейтой иесіне аудан жұртшылығының атынан құрмет көрсетіп, иығына шапан жаптық. Ал жары Сәуле Балабекқызына да құрмет көрсетіліп, иығына камзол жауып, гүл шоқтары табысталды.
Конференция соңында мерейтой иесі Орақ Жолмырзаұлы сөз сөйлеп, арнайы келген қонақтарға, әріптестеріне және туған жерінің халқына ризашылығын білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!