Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматыда жақтастарынан 60 млн теңге алған күдікті ұсталды

14.11.2026, 18:05 37

Алматыда діни экстремизмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол екі жыл ішінде жақтастарынан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған, деп хабарлайды Halyqline.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, интернет арқылы радикалды діни идеяларды таратқан. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарды басқарып, онлайн дәрістер өткізген және өзінің жақтастарына идеологиялық тұрғыдан ықпал еткен.

Құқық қорғау органдары ер адамның әрекетін ұзақ уақыт бақылап, оның интернет кеңістігіндегі қызметіне қатысты деректер жинаған. Бұған дейін күдіктінің бірқатар аудиодәрісі сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша экстремистік материалдар деп танылған.

Тергеу барысында ер адамның шетелдегі теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны да анықталған. ІІМ дерегінше, ол жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары олардан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған. Алайда бұл ақшаның қандай мақсатта жиналғаны мен жұмсалғаны туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.

— 11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталды, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Күдікті ұсталған күні Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілген. Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазба материалдар тәркіленді.

Қазір 44 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеушілер оның әрекеттерінің барлық мән-жайын анықтап, ықтимал сыбайластары мен қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды тексеріп жатыр.

Ішкі істер министрлігі экстремистік идеяларды тарату мен діни алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттердің, оны ұйымдастырушылар Қазақстанда немесе шетелде жүргеніне қарамастан, жолы кесілетінін мәлімдеді.

Күдіктінің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: