Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚТЖ басшысының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

14.11.2026, 17:15 34

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталуына қатысты ресми түсініктеме берді. Компания құқық қорғау органдарына тергеу барысында жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

14 қарашада ҚТЖ баспасөз қызметі «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық іс жөнінде хабарлама таратты. Компания 12 қарашада жарияланған ресми ақпараттан хабардар екенін, алайда тергеу барысына қатысты қосымша мәліметі жоғын жеткізді.

Ұлттық компанияның мәліметінше, қазір құқық қорғау органдарымен тиісті байланыс орнатылған. Тергеу аясында сұратылған құжаттар мен материалдар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұсынылады.

— Осы хабарламаны дайындау кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жария түрде айтылғаннан басқа, осы мәселе бойынша ақпаратқа ие емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәліметтері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы кезеңде қосымша түсініктемелер бере алмайды, – делінген компания хабарламасында.

Сонымен қатар ҚТЖ басшысының ұсталуына қарамастан, ұлттық компания мен оның еншілес кәсіпорындары қалыпты жұмыс тәртібін сақтап отырғанын мәлімдеді. Инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер бұрын жасалған келісімдерге сәйкес орындала береді.

Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған. Олармен бірге өзге де адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді.

13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардағы жемқорлық мәселесіне тоқталып, Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы заңбұзушылықтарды азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ұсталған тұлғалардың кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: