Бүгін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қала аумағында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
Алдымен аудан әкімі жеке кәсіпкер Кемалов Ерлан Жақсыбайұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жабық спорт кешенінің құрылысын көрді.
Кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынып жатқан, жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын нысан болашақта спортқа бейім жастардың басын қосатын маңызды орталыққа айналмақ. Мұнда футбол, үстел теннисі, волейбол және баскетбол секілді спорт түрлерінен үйірмелер ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар кәсіпкер алдағы уақытта ауыл жастарының игілігіне бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыруды да көздеп отыр.

Аудан әкімі кәсіпкердің ел болашағы жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау бағытындағы бастамасына оң бағасын беріп, игі іске сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан әкімі қаланың кіреберіс аумағында аудан азаматтары мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтеріп жатқан, сыйымдылығы 1800 адамға арналған мешіт құрылысымен танысты.
Қазіргі уақытта мешіт ғимаратында ішкі әрлеу және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ мешіт аумағын абаттандыру мен жол салу жұмыстарына жергілікті кәсіпкер, «Арал құрылысы» ЖШС директоры Мейрамбек Құлмырзаев жеке қаражаты есебінен демеушілік көрсетуде.
Ауқымды жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал мешітті келер жылдың басында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысына қанығып, ел игілігі жолында күш біріктіріп, туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар мешіттің толықтай аяқталып, халық игілігіне қызмет етуі үшін алдағы уақытта қажетті қолдау мен мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.
Жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау, рухани құндылықтарды дәріптеу және ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау – аудан дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осындай игі істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкер азаматтардың еңбегі – туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!