Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала орталығындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға барып, жұмыс барысын көрді.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. АЭА аумағы 3 функционалдық ішкі аймаққа бөлінген: авиацияға қызмет көрсету аймағы – 50 гектар, қоймалау және сақтау аймағы – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылдың 31 қазанындағы №470 бұйрығымен 2024 жылдың 22 ақпанындағы №72 бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізіліп, «Қорқыт Ата» АЭА аумағында жүзеге асырылуы мүмкін экономикалық қызметтің 18 түрі бекітілді. Бұл қызмет түрлері өңірдің ресурстық, еңбек және географиялық артықшылықтарын, сондай-ақ әлеуетті инвесторлардың сұранысы мен мүддесін ескере отырып айқындалды.
Қазір бұл жерге инженерлік инфрақұрылым тартудың, құрылыстар салудың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. АЭА аумағын нақты инвестициялық жобалармен толықтыру, өндірістік кәсіпорындарды орналастыру және әлеуетті инвесторлармен ынтымақтастық орнату бағытында Қытай, Түркия және отандық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Аймақ басшысы «Еңбек» саяжайы аумағында салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Президент саябағына қарама-қарсы аумақта 2024 пәтері бар 23 тұрғын үй бой көтереді. Жалпы ауданы 121 900 шаршы метр тұрғын үйлердің құрылысына 46 млрд 751 млн теңге бөлінген, жұмысқа 16 мердігер мекеме тартылған.
Бұдан кейін облыс әкімі Тасбөгет кентіндегі Қорғаныс министрлігі 99215 әскери бөлімінің инфрақұрылымымен танысты. Әскери бөлімнің 5,4 гектар аумағында 6 ғимарат бар, 90 әскери және 10 азаматтық қызметкер еңбек етеді. 1982 жылы салынған нысан 2023 жылы жергілікті атқарушы органның теңгеріміне берілген.
Әскери бөлімнің инфрақұрылымын дамытуға жергілікті бюджеттен соңғы үш жылда 1 млрд 242,1 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 481,5 млн теңгеге құрылыс салынуда. Жоба бойынша 1,2 шақырым бетон қоршау, 654 метр жылу желісі, 72 метр орта қысымды газ құбыры және бір газ реттеу шкафы орнатылады.
Құрылысына 20,5 млрд теңге бөлінген «Қызылорда Арена» спорт кешенінде қазір ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, сыртқы қасбетті қаптау, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бас мердігер «Aspan holding» салған кешен 2,1 гектар аумақта орналасқан, ауданы 25 540,67 шаршы метр, үш және төрт қабатты 9 блоктан тұрады. Нысан 2552 көрерменге арналған. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, 300 орындық конференц-зал қарастырылған.
«Nursat» теннис орталығы 2012 жылы пайдалануға берілген, жазғы теннис корты 2022 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 182 спортшы жаттығады, 16 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі уақытта орталықта 847 млн теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оған облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінген. «Интегрострой» ЖШС жұмысты алдағы жылы ақпанда аяқтауды жоспарланған.
Сол жағалаудағы 6,8 гектар аумаққа «Мелиоратор» ЖШС салып жатқан, ауысымына 100 келушіні қабылдайтын емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысына 54,3 млрд теңге бөлінген. Үш, бес, жеті және тоғыз қабатты 10 блоктан тұратын ауруханада емхана, пансионат, конференц-зал, қабылдау, реанимация, химиотерапия, операция, радиология, физиотерапия, әкімшілік және тамақтандыру бөлімдері орналасады. Қазір мұнда ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, инженерлік жүйелерді жүргізу, сыртқы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқын алған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!