Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім саласына жаңа технологиялар енгізіледі

24.11.2026, 9:50 44

20-21 қараша күндері Қызылорда қаласында білім беру саласына арналған екі күндік EdTech Hackathon хакатоны өтті. Іс-шараны Kyzylorda Hub Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Хакатонның басты мақсаты – білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған инновациялық цифрлық шешімдерді әзірлеу, оқу үдерісіндегі өзекті мәселелерді технология көмегімен шешу. Байқауға барлығы 65 жоба ұсынылды.

Қатысушылар білім беруді цифрландыру, оқу платформаларын дамыту, оқу үдерістерін автоматтандыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағыттарында жұмыс істеді. Командаларға тәжірибелі менторлар қолдау көрсетіп, идеяларын прототипке айналдыруға көмектесті. Хакатон барысында қатысушылар өз шешімдерін сарапшылар алқасына таныстырды.

Қатысушыларға үш негізгі бағыт бойынша кейстер ұсынылды. Бірінші бағыт мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуді қамтыды. Мұндай шешім оқу бағдарламасын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарды және сабақ жоспарларын автоматты түрде құрастыруға бағытталған. Екінші бағыт оқушыларға психологиялық қолдау көрсететін ЖИ көмекшісін жасауға арналды. Ал үшінші бағыт ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру шешімдерін әзірлеуді көздеді.

Хакатон қорытындысы бойынша бас жүлде қоры – 1 000 000 теңге жеңімпаздар арасында бөлінді.

Бірінші орынды BrailleBox жобасы иеленіп, 400 000 теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Жоба авторы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының студенті Айтбай Бекмұхаммед Әлібекұлы. BrailleBox – зағип және көру қабілеті төмен адамдарға Брайль әліппесін үйренуге көмектесетін қолжетімді білім беру тренажері.

Екінші орын мен 350 000 теңге Daryn Ustaz жобасына бұйырды. Команда капитаны – Бөлебаев Бекболат Ғалымжанұлы, команда мүшелері – Нуғуман Нұрдәулет Өмірханұлы, Серикбаев Дархан Аралбайұлы және Мейрамбекқызы Тоғжан. Жоба жасанды интеллект көмегімен оқу бағдарламаларын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар мен сабақ жоспарларын құрастыруға мүмкіндік береді.

Үшінші орынды Tandem Syr жобасы иеленіп, 250 000 теңге алды. Жоба авторы – Молдабек Рамазан Ардақұлы. Бұл – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қазақ тіліндегі ЖИ платформасы. Ол сөйлеу дағдыларын түзетуге және әр баланың қажеттілігіне бейімделген оқытуға бағытталған.

Сонымен қатар хакатон серіктесі Daryn Ustaz компаниясы арнайы марапаттар табыстады. «АйнаҰстаз» жобасының авторы Қорқыт Жәли ноутбукпен марапатталды. Жоба мұғалімдердің құжаттарын бір платформада жинақтап, Bilim Class электронды журналымен байланыс арқылы сабақ тақырыптарын, бағалар мен үй тапсырмаларын толтыруды автоматтандыруға бағытталған.

Ал Qurastyr AI жобасы 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Платформа балаларға жасанды интеллект пен машиналық оқытуды ЖИ агентімен сөйлесу және қол қимылдары арқылы басқару мүмкіндігі негізінде үйренуге жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тарапынан арнайы білім гранты табысталды. Оған Сырдария ауданының №135 мектебінің оқушысы Кеңесбайқызы Еркежан Quiryq жобасымен ие болды. Жоба 5–9 сынып оқушыларына информатика пәнін қазақ тілінде меңгертуге бағытталған.

EdTech Hackathon жас мамандар мен оқушыларға өз идеяларын нақты цифрлық өнімге айналдырып, білім беру саласындағы мәселелерді технология арқылы шешуге мүмкіндік берді. Kyzylorda Hub алдағы уақытта да өңірдегі IT-қауымдастықты дамытуға, жастардың технологиялық бастамаларын қолдауға және инновациялық жобалардың дамуына жағдай жасауға бағытталған іс-шараларды жалғастырады.

Kyzylorda Hub

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: