Сауд Арабиясы құрамасының бұрынғы қорғаушысы Хусейн Абдулгани «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналдудың қазіргі ойынына сын айтты, деп жазады penalty.kz.
Футболшы Koora басылымымен сұхбатында португалиялық шабуылшының команданың нәтижесіне кері әсер етіп жүргенін айтты. Сауд Арабиясы чемпионатындағы «Әл-Ахли» мен «Әл-Наср» арасындағы матчтан соң Абдулгани батыл мәлімдеме жасады. Джидда қаласында өткен кездесуде Роналду командасының жалғыз голын соққанымен, «Әл-Наср» 3:1 есебімен жеңіліске ұшырады.
Хусейн Абдулгани португалиялық шабуылшының бұрынғы жетістіктерін мойындай отырып, оның қазіргі уақытта командаға әкелетін пайдасына күмән келтірді.
«Роналду – ұлы футболшы, алайда қазір ол ойын барысын өзгерте алатын деңгейде емес. «Әл-Насрға» 90 минут бойы алаңда жай ғана жүретін емес, өз күшімен мүмкіндіктер жасай алатын шабуылшы қажет. Ешкім бұл туралы ашық айтқысы келмейді, өйткені Роналдудың жанкүйерлерінен қорқады. Бірақ оның қазіргі ойыны «Әл-Насрға» кедергі келтіріп жатыр», — деп келтіреді Хусейн Абдулганидің сөзін Kooora басылымы.
«Әл-Ахлиге» қарсы кездесуде Криштиану Роналду 14-минутта есеп ашты. Бұл гол португалиялық футболшының Сауд Арабиясы чемпионатындағы тоғызыншы, ал кәсіби мансабындағы 986-шы голы болды. Осылайша, Роналду мансабындағы 1000 голдық межеге жету үшін тағы 14 рет мергендік танытуы керек.
Бану Әбдіғалиева
Фото: nur.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!