Әркімге көзіне ыстық, көңіліне жақын бұйым болады. Гүлім үшін ол сары бидон еді. Бүйірі томпақ, сыйымдылығы – 3 литр. Бала кезінде талай сонымен сүт таситын.
Институтқа түскен жылы Гүлім кенет жүруден қалып, дәрігерлер диагнозын таба алмай ауруханада айлап жатқанда анасы сол сары бидонмен күн құрғатпай тамақ таситын.
90-жылдардың басында кімнің шекесі шылқып жүр еді, кімнің қарны тоқ еді?! Оған қоса палатадағылардың бәрі дерлік ауыл, ауданнан келгендер. Анадайдан Гүлімнің анасы көрінгеннен мұндағылардың бәрінің көздері жайнап, қуана қарсы алатын.
— Кәне, сапар кеселеріңді әкеліңдер, ыстықтай ішіп алыңдар, — деп Гүлімнің анасы үш майлыққа оралған сары бидонның қақпағын ашып қалғанда, буы да, дәмді астың иісі де бұрқ ете қалатын. – Қойдың құйрығы бар, көршіден қарызға бір жілік ет алдым, құдайдан аман болсақ берерміз пұлын. Ішіңдер, ертең-ақ аттай шауып кетесіңдер!
Дәмді астың иісі талайдың танауын қытықтап, саулық сұрасқан болып, көрші палатадағылар бас сұғып, Гүлімнің анасы әкелген бауырсақ, кәмпит, әйтеуір жылы-жұмсаққа ие болатын. Бос қалған сары бидонды көздерімен бір сүзіп үлгеретін.
— Түуууу, апамның сары бидоны бір палатаны түгел тойдырады, берекелі бұйым екен, — деседі дәмді ас бойларына дарып, көңілдері көтеріліп, бір сәтке дерттерін ұмытқан науқастар.
Гүлімнің анасы «айналайындар-ай, ас – адамның арқауы» деген. Құнарлы тамақ аяққа тез тұрғызады, енді бірер күнде үйлеріңе сауығып ораласыңдар» дейді.
Иә, палатадағылар ауысып жатты, тек Гүлімнің диагнозы кеш анықталып, ұзақ жатуына тура келді. Сары бидон осылайша талай адамды тойдырды, бойына талай адамның алғысын толтырды.
…Содан бері де қырық жылға таяу уақыт өтіпті. Қазір анасы да, сол сары бидон да жоқ.
Анасын жаман ауру жалмады. «Бұл туралап келген ауру, алмай қоймайды, шешем қайта-қайта келіп жүр, мен ұзаққа бармаймын» деді. Түнде ылғи «о, Құдай, кісі баласына салмақ салдырмай ал»деп күбірлеп отыратын. Құдай тілегін қабыл қылды. Тап-таза күйінде ақыретке аттанды.
…Сары бидон неге есіне түсті қапелімде? Ааа, иә, бағана автобуста бір әжей дәл сондай сары бидонды тоқыма дорбаға салып алған екен, көзіне оттай басылды. Бәлкім, ол да ауруханадан келе жатқан болар ә? Көзіне көлкілдеп жас келіп, айналасын кір әйнектен қарағандай бұлдырлатып жіберді.
Бір кездері қоныс аударғанда ескі-құсқыны керек қылмай тастап кетіп еді, қап, бекер еткен екен. Сол сары бидонда анасының алақанының табы, талай адамның жаудырған алғысы бар еді ғой…
Айнұр ТҰҢҒЫШБАЕВА,
журналист.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!