Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалым Абылай Айдосовтың мерейтойы аталып өтті

23.11.2026, 11:00 16

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Абылай Хангерейұлының 90 жылдығына орай «Абылай Айдосов: қайраткер, ғалым, ұстаз» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті.


Тағылымды шараның мақсаты – ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасын зерделеу, қоғамдық қызметін насихаттау және Сыр өңірінің ғылымы мен рухани дамуына қосқан үлесін кейінгі ұрпаққа таныту.

Конференцияда университеттің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Уәлихан Серікұлы сөз сөйлеп, ғалымның өнегелі өмір жолы мен ғылым-білім саласындағы еңбегіне тоқталды.


Сонымен қатар облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тілеумбетов облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетовтің атынан құттықтауын жеткізді.


Жиында «Абылай Айдосов – өз заманындағы жастардың көшбасшысы» тақырыбында Қорқыт ата университетіндегі Мұстафа Шоқай ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Қошқарұлы баяндама жасады.


Конференция барысында ғалымның ғылыми мұрасы мен зерттеу бағыттарына арналған баяндамалар тыңдалды. Ардагер, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Минсара Сәдуақасқызы

«Абылай Хангерейұлының ғылыми мұрасы» тақырыбында сөз сөйлеп, ғалымның Қорқыттану саласына, Арал теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеуге қосқан үлесін атап өтті.
Сондай-ақ қоғам қайраткері, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Аңсат Әбдіқадырұлы «Үйретуден жалықпаған жан еді», тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Жұмабайұлы «Сыр елінің өлкетанушы-ғалымы», қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев «Адал адам тұжырымдамасы: тарихи тәжірибеден – ұлттық сапаға ұмтылыс», география ғылымдарының кандидаты Оразхан Тұрсынқожаұлы «А. Айдосовтың Арал экологиясын зерттеуі және экологиялық білім берудегі тәжірибесі» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ғылыми-танымдық конференцияда Абылай Хангерейұлының ғылымға, білімге және қоғамға сіңірген еңбегі кеңінен дәріптелді.


Жиын соңында ғалымның өмір жолы мен ғылыми-қоғамдық қызметіне арналған «Парасат биігіндегі тұлға» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жаңа басылымда Абылай Хангерейұлының өнегелі өмірі, ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі және ел дамуына қосқан үлесі кеңінен қамтылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: