Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жазасын өтеушілер «Өмір-ай» драмалық қойылымын тамашалады

23.11.2026, 10:25 23

Қызылордада жазасын өтеушілер «Өмір-ай» драмалық қойылымын тамашалады. Қоғамнан оқшауланған азаматтардың рухани дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Осы мақсатта Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінің әкімшілігі жазасын өтеушілерге тағылымы мол театр қойылымын тамашалауға мүмкіндік жасады.

С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің сахнасында «Арман» инклюзивті театрының «Өмір-ай» атты драмалық қойылымының премьерасы өтті. Мекеме әкімшілігінің ұйымдастыруымен бір топ жазасын өтеуші театрға барып, қойылымды тамашалады.

Шығарма авторы Талғат Телеубаев адам тағдырына терең бойлай отырып, жақын жандар арасындағы түсініспеушілік пен қарым-қатынастағы қайшылықтарды өзара келісім арқылы шешудің маңызын көрсетеді. Сонымен қатар өмірдің түрлі сынақтарына төтеп беріп, отбасы құндылықтарын сақтап қалуға үндейді.

Қойылымның негізгі өзегі – мейірім мен махаббат, ақыл мен сабыр. Адамның қандай жағдайға тап болса да, жақындарына деген құрметін жоғалтпай, шаңырақтың шаттығын сақтауы керектігі көркем көріністер арқылы жеткізілді. Театрдан алған әсерімен бөліскен жазасын өтеушінің айтуынша, қойылым оған терең ой салған.

  • Қойылымды көріп отырып, отбасының қадірін, жақындарыңның жанында болудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Кейде адам ашуға беріліп, асығыс шешім қабылдап, соның салдарынан жақындарын ренжітіп жатады. Мен де осы қойылымнан өз өміріме сабақ алдым. Отбасыңның амандығы, бала-шағаңның қуанышы – ең үлкен байлық. Бостандыққа шыққан соң жақындарымның сенімін ақтап, өмірімді жақсы жаққа өзгерткім келеді, – деді ол.

Мұндай мәдени-рухани шаралар жазасын өтеушілердің дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, жасаған ісіне ой жүгіртіп, болашаққа оң көзқараспен қарауына ықпал етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: