Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әділет» партиясы: Инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріледі

23.11.2026, 11:55 15

«Әділет» партиясынан облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша үміткер Руслан Рүстемұлы және партия атынан Қызылорда қалалық мәслихатына кандидаттар «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ ұжымымен кездесті. Кездесуде партия өкілдері 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, энергетика саласын дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады.

Жиында Руслан Рүстемұлы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ел экономикасының тұрақтылығы мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға басымдық берілген. «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2030 жылға дейін 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту және жаңадан салу көзделген. Бұл жұмыстарға шамамен 13 триллион теңге бағытталып, инженерлік желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңарту кезінде отандық өндірушілердің өнімдеріне басымдық беру ұсынылады.

Үміткер энергетика саласындағы жаңғырту жұмыстары кәсіби мамандардың еңбегінсіз жүзеге аспайтынын да атап өтті. Осыған байланысты бағдарламада еңбек адамының құқығын қорғау мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән берілген. Қызметкердің біліктілігі мен еңбек өнімділігі артқан сайын еңбекақысының да өсуіне мүмкіндік беретін әділ жүйе қалыптастыру, кәсіподақтар мен ұжымдық шарттардың рөлін күшейту көзделген. Сондай-ақ өндіріс орындарындағы қауіп-қатерді алдын ала бағалау жүйесіне көшу арқылы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұсынылады. 2031 жылға қарай өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған қызметкерлер үлесін 90 пайызға жеткізу жоспарланған.

Кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Алдағы жылдары Қазақстан экономикасына 400 мыңнан астам маман қажет болады. Осы сұранысты қамтамасыз ету үшін ғылым, білім беру және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, бірыңғай жүйе қалыптастыру ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысуына қолайлы жағдай жасау және мұндай қолдауға түсетін артық салық жүктемесін алып тастау қарастырылған.

Руслан Рүстемұлы бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуы үшін орталық пен жергілікті деңгейдегі жұмыстардың сабақтастығы маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді сол аумақтың ерекшелігіне қарай шешу – өңір дамуының маңызды тетігі. Бұл ретте инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі, еңбек жағдайы мен тұрғындардың әл-ауқаты жергілікті өкілді органдардың тұрақты назарында болуы тиіс.

Кездесу соңында партия өкілдері сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттерді ұжыммен және тұрғындармен бірлесе жүзеге асыруға, еңбек адамдарының ұсыныс-пікірлерін назарға алып, өңірдің дамуына үлес қосуға ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар ұжым мүшелерін 29 қараша күні өтетін сайлауға белсенді қатысып, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды.

Тапсырыс беруші: Базартай Ж.Н.
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: