Маңғыстау облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізіп, бейәдеп сөздер қолданған 21 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 7 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Оқиға Түпқараған ауданының Таушық ауылында болған. Полиция мәліметінше, жас жігіт TikTok желісінде тікелей эфирге шығып, былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізген тәртіп сақшылары аталған бейнежазбаны анықтап, тексеру жұмыстарын бастаған. Нәтижесінде 21 жастағы тұрғынға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі, яғни ұсақ бұзақылық бойынша хаттама толтырылған.
Іс материалдарын қараған сот ер адамды кінәлі деп танып, 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде тікелей эфир жүргізу заң талаптарын сақтау міндетінен босатпайтынын ескертті. Қоғамдық тәртіпті бұзу, айналасындағыларға құрметсіздік көрсету және заңда көзделген жағдайларда бейәдеп сөздер қолдану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!