Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Би бекзаты – Томирис» мерейтойлық бағдарлама гала-концертімен қорытындыланды

29.11.2026, 21:40 17

HALYQLINE.KZ

Кеше Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би ансамблінің 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар «Би бекзаты – Томирис» гала-концертімен қорытындыланды, деп жазады облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі.

Мерейтойлық кешке еліміздің әр өңірінен келген белгілі хореографтар, өнертанушылар, би ұжымдарының жетекшілері, ансамбльдің алғашқы құрам мүшелері мен әр жылдардағы әртістері қатысты.

Ширек ғасырлық шығармашылық тарихы бар өнер ұжымы көрерменге ұлттық би мен заманауи хореографияны ұштастырған ерекше бағдарлама ұсынды.

Концерттің алғашқы бөлімі адамзаттың асыл сезімі – махаббат тақырыбына арналды. Он хореографиялық композициядан тұратын қойылымда сүйіспеншілік, сенім мен адам жанының сезім қайшылықтары би тілімен өрнектелді.

Екінші бөлімде Г.Мырзабаеваның «Тұмар. Тағдыр. Ханшайым», «Тәңірге табыну», «Керуен», Б.Ағиярдың «Жайлауда» және өзге де балетмейстерлердің үздік туындылары сахналанды.

Кештің көркемдік мазмұнын «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, әнші Айсұлу Әбді, аспапта орындаушылар А.Альжанов, З.Нысанбаев, Р.Сабанкулова, Г Берікқызы және «Дидар» би ансамблінің әртістері толықтырды.

Бүгінде «Томирис» би ансамблі ұлттық хореографияны дәріптеп, Сыр өңірінің мәдениетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер ұжымына айналды. Мерейтойлық кеш – ширек ғасырлық еңбектің, шығармашылық ізденістің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Мөлдір Тойбазарова, бас балетмейстері – «Шапағат» медалінің иегері Гүлбану Мырзабаева, балетмейстер-репетиторы – Айгерім Шағырова.

Концерттің шығармашылық тобы:

* Режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Азиза Іздіқұлова;

* Режиссер көмекшісі – Ақерке Жанабаева;

* Қоюшы балетмейстер – Мәдениет саласының үздігі Гафур Абитов;

* Дыбыс режиссері – Айбек Қуатбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: