Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Томирис» би ансамбліне – 25 жыл

28.11.2026, 19:00 18

HALYQLINE.KZ

Бүгін Жыраулар үйінде Қызылорда облыстық филармониясы «Томирис» би ансамблінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында «Өнерге арналған өмір, ұрпақтар сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өтті, деп жазады филармонияның баспасөз қызметі.

Салтанатты басқосуға «Жем Аруы» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Мағрипа Шегенбаева, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің оқытушысы, Мәдениет саласының үздігі Алмас Қаржаубаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Уәлихан Ибраев, университеттің «Педагогика және дәстүрлі өнер институтының» директоры Қыдырбай Өткелбай, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Раушан Үмбетова және еліміздің бірнеше өңірінен келген белгілі хореографтар, өнертанушылар, би ұжымдарының жетекшілері, ансамбльдің әр жылдардағы әртістері және алғашқы құрам мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Мерейтой аясында өткен марапаттау рәсіміне Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет арнайы қатысып, ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген ансамбльдің мерейлі мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде ұлттық би өнерін дамытуға, өңір мәдениетінің өркендеуіне және жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұжымның еңбегіне тоқталды.

Салтанатты жиында «Томирис» би ансамблі облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар ансамбльдің бас балетмейстері, «Шапағат» медалінің иегері Гүлбану Мырзабаева, көркемдік жетекшісі Мөлдір Тойбазарова, репетиторы Айгерім Шағырова, ансамбль әртістері, Мәдениет саласының үздігі Меруерт Күзембаева, Айсұлу Үсенкелді және Серік Сердәлі аймақ басшысының Алғыс хатына ие болды. Бірқатар ансамбль мүшелеріне облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ ансамбльдің алғашқы буын бишілері «Адал еңбегі үшін» медалімен марапатталса, әр жылдары ұжым құрамында еңбек еткен әртістерге Қызылорда облыстық филармониясы басшысының Алғыс хаттары берілді.

Жиында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры, ұлттық би өнерінің белгілі зерттеушісі Ізім Тойған Оспанқызы сөз алып, ансамбльдің құрылу тарихы мен шығармашылық қалыптасу жолына тоқталды. Ол ұжымның 25 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне, ұлттық би өнерін дамытуға қосқан үлесіне және бірнеше буын бишілердің қалыптасуына негіз болған шығармашылық мектебіне жоғары баға берді.

Ширек ғасырлық тарихында «Томирис» би ансамблі ұлттық хореографияның көркемдік дәстүрін сақтай отырып, заманауи сахналық ізденістермен ұштастырған өзіндік шығармашылық қолтаңбасын қалыптастырды. Бүгінде ұжымның репертуарында қазақ халқының бай би мұрасын дәріптейтін туындылармен қатар, түрлі халықтардың би мәдениетін танытатын шығармалар бар. Ансамбльдің өнерпаздары республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде өнер көрсетіп, Сыр өңірінің мәдениетін кеңінен танытып келеді.

25 жылдық белес – «Томирис» би ансамблінің шығармашылық шежіресіндегі маңызды кезең. Бұл – бір ұжымның ғана емес, ұлттық өнерге ғұмырын арнаған бірнеше буын өкілдерінің еңбегі мен ізденісінің жемісі. Ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел мерейтой иелерінің шығармашылық мұрасын саралап, ұлттық би өнерінің бүгінгі даму бағыттарын талқылауға, тәжірибе алмасуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: