Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ерекшем»: Әлішер мен Арайдың шығармашылығына – 10 жыл

14.11.2026, 12:45 22

HALYQLINE.KZ

Кеше Өнер орталығында Сыр елінің өнері мен мәдениетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған талантты жұп, облыстық филармония эстрадалық ұжымының солистері Әлішер мен Арай шығармашылықтарына 10 жыл толуына орай «Ерекшем» атты мерейтойлық концертін ұсынды. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Өнерде де, өмірде де қол ұстасқан жұп он жыл ішінде көрерменді жүрекке жетер әндерімен баурап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Мерейтойлық кешке танымал хитмейкер Баха және қызылордалық жас талант Досбол Нұрылла да арнайы қатысып, жұлдызды жұппен қосыла ән шырқады. Сондай-ақ «Томирис» және «Ai-Aru» би ансамбльдері би қойылымдарымен ән кешіне көркемдік әр берсе, Ердос Есқали мен Аружан Мамзада сахналық қойылымымен музыкалық бағдарламаны мазмұнды әрі әсерлі ете түсті.

Концерт барысында Әлішер мен Арайдың бірнеше жаңа әнінің тұсауы кесіліп, шығармашылық репертуарлары толыға түсті. Әлішер мен Арайдың 10 жыл ішінде жеткен жетістіктері аз емес. Әлішер «Самғау» жастар сыйлығының номинанты болса, Арай – бірнеше халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, «Тұран» сыйлығының, «Самғау» жастар сыйлықтарының иегері. Бүгінгі шығармашылық кештің басты миссиясы – жұлдызды жұптың 10 жылдық өнер жолына жасалған шолу, тыңдарманға есеп беру, халықтың шынайы алғысын алу. Жанды дауыста өткен керемет кеш көрерменге жарқын атмосфера сыйлап, әр жүректен ерекше орын алды. Кеш соңында өнер иелеріне гүл шоқтары табысталып, көрермендер естелік суретке түсті.

Концерт режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Азиза Іздіқұлова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: