Қазалы ауданында Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының 450 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар легі «Тұранның тұлғасы – Жалаңтөс» атты облыстық жыраулар фестивалімен жалғасын тапты.
Ұлттық өнеріміздің асыл мұрасын ұлықтауды мақсат еткен тағылымды шараға Қызылорда облысының әр өңірінен келген белгілі жыршы-жыраулар қатысып, Сыр бойының жыраулық дәстүрін дәріптеп, көрерменге рухани әсер сыйлады.
Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өткен фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиев сөз сөйлеп, жыраулық өнердің ұлт руханиятындағы айрықша орнына тоқталып, Жалаңтөс баһадүрдей тарихи тұлғалардың өнегелі жолын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ шараға қатысушыларға аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Жалаңтөс баһадүрдің 450 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтауын жеткізді.
Фестивальде «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Нәжмадин Мұсабаев сөз сөйлеп, баба мұрасын ұлықтауға арналған игі бастамаларға тоқталып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Фестивальде республикаға танымал жыршы-жыраулар Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Әділхан Қуаңбаев, Айна Тұяқова, Нұртілек Ақтаев, Еркебұлан Шынжанов, Марат Сүгірбай, Абылайхан Бектасов, Тұрар Айдос, Жанболат Өмірзақ, Әлішер Мырзағалиев және Руслан Өтегенов өнер көрсетіп, дәстүрлі жыр өнерінің бай қазынасын көпшілікке паш етті.
Шара соңында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың атынан фестивальге қатысқан барлық жыршы-жырауға арнайы дипломдар табысталып, қаржылай сыйлықтар берілді.
Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жыраулық дәстүрдің қадір-қасиетін арттыруға бағытталған фестиваль тағылымы мол рухани шараға айналды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!