Бүгін Жаңақорған ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» атты ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Игі іс-шараға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, ардагерлер, ерікті жастар мен аудан тұрғындары қатысып, туған жерді көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Акция барысында аудан басшысы қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің тазалығын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында еліміздің таза, тартымды әрі мәдениетті болуы керектігін атап өткен болатын. Шын мәнінде, тазалық әр адамның күнделікті өмірінен басталады. Туған жердің көркеюі де, қоршаған ортаның таза болуы да – бәрімізге ортақ міндет.
Жыл басынан бері ауданымызда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында атқарылған жұмыстарға 83 мыңнан астам жерлесіміз қатысып, 11 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар 460 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, тазалық жұмыстарына 370 арнайы техника жұмылдырылды.
Бүгінгі акцияға қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып отырған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», — деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.
Жалпыұлттық акция аясында аудан көлемінде 2000-ға жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Туған жерді таза ұстау – ортақ жауапкершілік, оны көркейту – ортақ міндет!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!