Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

1,78 трлн еуроға талас: Еуроодақ елдері ортақ келісімге келе алмады

28.11.2026, 12:00 13

HALYQLINE.KZ

Еуропалық одақтың 2028–2034 жылдарға арналған бюджеті бойынша келіссөздер нәтиже бермеді. Екі күнге жоспарланған саммит мерзімінен бұрын аяқталып, мемлекет басшылары 1,78 трлн еуро көлеміндегі қаржы жоспарын бекіте алмады. Германия бастаған бірқатар ел бюджет шығындарын қысқартуды талап етсе, Франция, Италия және өзге мемлекеттер мұндай шешімге қарсы шықты, деп хабарлайды Halyqline.kz DW және Kazinform мәліметтеріне сілтеме жасап.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, Еуроодақ елдерінің алдағы жеті жылға арналған қаржылық міндеттемелер жөніндегі ұстанымдары әлі де айтарлықтай алшақ. Берлин Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта ұсынған 1,78 трлн еуролық бюджеттің өзін тым жоғары деп санайды. Бұл сома Еурокомиссияның 2025 жылдың жазында жасаған бастапқы ұсынысынан шамамен 204 млрд еуроға аз болғанымен, Германия шығындарды одан әрі қысқартуды көздеп отыр.

Германияны Нидерланд, Аустрия, Швеция, Финляндия, Дания және Бельгия қолдаған. Бұл елдер Еуроодақ бюджетіне қосатын жарналары мен алатын қаржысы арасындағы теңгерімге назар аударып отыр. Мерц Еуропалық одақтың қарыз арқылы қаржыландыруын да сынға алды. Оның айтуынша, 2028–2034 жылдары ұйым елдері бұрынғы қарыздар бойынша 150 млрд еуродан астам пайыз төлеуге мәжбүр болады.

Ал Италия, Франция, Испания және Польша шығындарды одан әрі қысқартуға қарсылық білдірген. Олардың ұстанымынша, Еуропаның экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерін қолдау мен ауыл шаруашылығын қаржыландыруға жеткілікті қаражат сақталуы керек.

— Біз көбірек үлес қосып, азырақ алатын бюджетке өз қолымызды қоюға дайын емеспіз, — деді Италия премьер-министрі Джорджа Мелони.

Франция президенті Эмманюэль Макрон бюджетті одан әрі қысқартуды стратегиялық қателік деп атады. Тараптар келіссөздерді 17–18 желтоқсанда өтетін келесі саммитте жалғастыруға уағдаласты. Әзірге Еуроодақтың 2028–2034 жылдарға арналған жетіжылдық бюджеті бекітілген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: