Қызылорда қаласындағы Отбасы орталығында Марат Палуановтың Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауына орай салтанатты ант беру рәсімі өтті, деп жазады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шара облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.
Салтанатты жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Аруын Жолдасбаев сөз сөйлеп, азаматтық қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Жаңа азаматқа ақжарма тілектерін жеткізіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжатты табыстады.
Марат Палуанов 1969 жылы Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданында дүниеге келген. Еңбек жолында мұғалім, механизатор және комбайн операторы болып жұмыс істеген. 2025 жылы Өзбекстан Республикасының азаматтығынан шыққан. Қазіргі уақытта Қызылорда қаласында тұрады. Жұбайы мен балалары – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Рәсімнің маңызды сәтінде Марат Палуанов Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, ел мүддесін құрметтеуге салтанатты түрде ант берді.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтығын қабылдау рәсімдері жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменттерінің көші-қон қызметі басқармаларының өзара іс-қимылы негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан азаматтығы – тек құқықтық мәртебе ғана емес, сонымен қатар ел алдындағы жауапкершілік пен ортақ болашаққа деген сенімнің белгісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!