Қызылорда облыстық филармониясының Жыраулар үйінде елінің азаттығы мен жерінің тұтастығы жолында ерлік көрсеткен тарихи тұлға Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына орай тағылымды жыр кеші өтті, деп жазады облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі.
Сартай Байжанұлы – XVIII ғасырда өмір сүрген, Кіші жүздің белгілі батырларының бірі, ел бірлігі мен азаттығы жолында күрескен тарихи тұлға. Жастайынан қол бастап, жаужүрек мың баланың жасағымен жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқастарда ерлік көрсеткен батырдың қаһармандық жолы ел жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Батырдың ерлікке толы ғұмырын ақын Нұрмағанбет Қосжанов «Сартай батыр» дастанына арқау еткен.
Рухани кеште «Құрмет» орденінің, «Тұран» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Шолпан Бимбетова шәкірттерімен бірге сахнаға шығып, Нұрмағанбет Қосжановтың «Сартай батыр» дастанын жырлады. Дастанның бір қайырымын шәкірті Ақдана Әбдіқадырқызының орындауы – жыраулық өнердегі ұрпақтар сабақтастығының жарасымды көрінісі болды.
Екі сағатқа жуық уақыт бойы жыр төгілген кеште зал сілтідей тынып, тыңдарман ықыласпен құлақ түрді. Жыраудың қуатты үні мен мақамы арқылы батыр бабаның ерлік жолы, ел басына күн туған алмағайып заманның шындығы, азаттықты аңсаған халықтың өр рухы тыңдарманның көз алдына келгендей болды.
Таңды таңға ұрып, елдің шежіресін, ердің ерлігін жырмен жеткізген кешегі жыраулар дәстүрінің бүгінгі көрінісіне куә болдық. Бұл кеш жыраулық өнердің тек өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі күнмен біте қайнасқан, өміршең рухани құндылық екендігін тағы бір мәрте танытты.
Батыр бабаның есімін ұлықтап, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған тағылымды шара ұлттық өнерімізді дәріптеумен қатар, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, елдік пен ерліктің мәнін ұғындыруға арналды.
Бабалар аманатын жырмен жалғап, асыл өнерді кейінгі буынға табыстап жүрген Шолпан Бимбетованың өнері мен ұстаздық өнегесі – ұлттық руханиятымыз үшін аса құнды.
Бабалар рухы асқақтап, жыраулық дәстүрдің алтын арқауы үзілмесін!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!