Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маңғыстаудың бес мешіті Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміндегі мұраларын жетіге жеткізді

17.11.2026, 17:45 121

Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген нысандарының саны жетіге жетті. Бұған Маңғыстау өңіріндегі бес жерасты мешітінің халықаралық деңгейде мойындалуы негіз болды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қазақстан дүниежүзілік тарихи-мәдени мұралар тізіміндегі орнын нығайтты. Биыл шілде айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында Маңғыстаудағы бес жерасты мешітін халықаралық тізімге енгізу туралы шешім қабылданған. Соның нәтижесінде еліміздегі ЮНЕСКО қорғауындағы дүниежүзілік мұра нысандарының саны алтыдан жетіге дейін өсті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Моңғолиямен теңесті.

25 шілдеде қабылданған шешімге сәйкес, Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан епе жерасты мешіттері «Маңғыстаудың жартас мешіттері мен оларға қатысты киелі орындары» деген ортақ атаумен тіркелді. Бес ескерткіш жеке-жеке есептелмейді, олар біртұтас тарихи-мәдени кешен ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.

Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл мешіттердің ерекшелігі олардың табиғи жартастардың ішіне қашалып салынуында. Кейбірі әктас қабаттарына ойылып жасалса, енді бірі табиғи үңгірлерді кеңейту арқылы тұрғызылған. Ішінде құлшылық бөлмелері, рухани оңашалануға арналған орындар мен өзге де сәулеттік құрылымдар сақталған. Мешіттердің айналасындағы көне қорымдар мен зиярат жолдары да кешеннің тарихи құндылығын арттыра түседі.

ЮНЕСКО мәліметінше, XII–XVIII ғасырларда қалыптасқан бұл киелі орындар Орталық Азиядағы сопылық дәстүрдің таралу тарихын, көшпелі қауымдардың рухани дүниетанымын және жергілікті сәулет өнерінің ерекшеліктерін көрсетеді. Ғасырлар бойы Маңғыстау мен Үстіртті мекендеген халық үшін олар құлшылық ететін, рухани тәлім алатын және зиярат жасайтын маңызды орындар болған.

Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин халықаралық шешімнің маңызына тоқталып, Маңғыстаудағы киелі ескерткіштердің Дүниежүзілік мұра тізіміне енуі олардың бүкіл адамзат үшін құндылығын мойындау екенін атап өткен. Оның айтуынша, бұл қазақ халқының бай тарихы мен рухани мұрасына көрсетілген құрмет әрі тарихи ескерткіштерді келешек ұрпаққа сақтап жеткізуге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударды. Қазан айында Euronews телеарнасы осы киелі орындардың тарихы мен сәулеттік ерекшеліктеріне арналған арнайы бейнематериал жариялады. Журналистер мешіттердің ішіне кіріп, жартастан қашалған бөлмелерді, тас бағандарды, құлшылық орындарын және көне сәулет үлгілерін көрсетті.

Әсіресе Шақпақ ата мешітінің жартас ішіне ойылған күрделі құрылысы мен Бекет ата кешенінің тарихи маңызына назар аударылды. Euronews материалында бұл орындардың діни қызметімен қатар, Маңғыстау халқының тарихи жадын сақтаудағы рөлі де баяндалған.

Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміндегі мұралары қандай?

Еліміздің Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген алғашқы ескерткіші Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болды. Ол 2003 жылы халықаралық деңгейде мойындалды. Бір жылдан кейін Алматы облысындағы Таңбалы петроглифтері тізімге қосылды.

2008 жылы Сарыарқаның далалары мен көлдері, 2014 жылы Ұлы Жібек жолының Чанъань – Тянь-Шань дәлізі, 2016 жылы Батыс Тянь-Шань және 2023 жылы Тұранның суық қысқы шөлдері ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Ал Маңғыстау мешіттері Қазақстанның жетінші дүниежүзілік мұрасы ретінде тіркелді.

Келесі кезекте қандай ескерткіштер тұр?

Қазақстанның халықаралық тізімге ұсынатын тарихи нысандары мұнымен шектелмейді. Қазір ЮНЕСКО-ның алдын ала тізімінде Алматыдағы Вознесенск кафедралдық соборы мен Жетісу облысындағы Жаркент мешіті бірлескен номинация ретінде көрсетілген. Екі ғимарат та XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ағаштан салынған сәулет ескерткіштері саналады.

Діни қызметі әртүрлі болғанымен, бұл нысандарды ағаш құрылыс технологиясы, сәулеттік шеберлігі және тарихи ерекшеліктері біріктіреді. Сондықтан Қазақстан оларды ағаш сәулет өнерінің бірегей үлгілері ретінде халықаралық қауымдастыққа таныстыруды жоспарлап отыр.

ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне Қаратау жотасындағы Арпаөзен мен Сауысқандық петроглифтері де енгізілген. Қазақстан ұсынған құжаттарға сәйкес, осы екі аумақта қола дәуірінен XX ғасырдың басына дейінгі кезеңдерді қамтитын сегіз мыңнан астам жартас суреті бар. Олардың арасында аңшылық, көшпелі тұрмыс, діни ғұрыптар мен ежелгі көлік құралдары бейнеленген.

Маңғыстау мешіттерінің халықаралық деңгейде танылуы Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеу мен сақтауға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Сонымен қатар бұл шешім ескерткіштердің бастапқы қалпын қорғау, туристік инфрақұрылымды реттеу және зиярат орындарын келешек ұрпаққа жеткізу міндеттерін күшейтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: