Бүгін, 6 қарашада Астанада «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған Ақаба процесінің халықаралық саммиті өтіп жатыр. Жиынға Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Иордания Королі қатысуда, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Халықаралық кездесуге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып жатыр.
Сондай-ақ саммитке Әзербайжан Ұлттық жиналысының төрағасы Сахиба Гафарова, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар келген.
Жиынның негізгі тақырыбы – жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты туындайтын қауіп-қатерлер және олардың алдын алу. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні террористік және экстремистік мақсатта пайдалану мүмкіндіктеріне қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпарат алмасу және мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері қарастырылуда.
Ақаба процесі 2015 жылы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен құрылған. Халықаралық алаң терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Оның аясында мемлекет басшылары, арнайы қызметтер, әскери ведомстволар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері кездесіп, ортақ қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету жолдарын талқылайды.
Астанадағы саммиттің ерекшелігі – мұндай форматтағы кездесу Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан мен Иордания жиынға бірлесіп төрағалық етеді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королімен келіссөз барысында Ақаба процесінің маңызына тоқталған болатын.
— Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Сессия бүгінде аса өзекті саналатын жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Саммитте талқыланып жатқан мәселелер жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану және жаңа технологиялардан туындайтын қатерлерге қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейту тұрғысынан маңызды.
Дереккөз: Ақорда, Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі, Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!